«Инватакси» қызметін пайдалану ережесіндегі өзгерістер актөбелік мүгедектердің ашуын туғызды. Енді арнаулы көлікті пайдалану уақыты шектелмек. Лимит жұмыс істемейтін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бөлек.Онсыз да тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандар енді қоғамнан тыс қаламыз, деп наразы.
Бұған дейін «Инватакси» 10 жыл бойы ешқандай шектеусіз қызмет көрсетіп келген. Қаладағы жүздеген мүмкіндігі шектеулі жан,соның ішінде арбаға таңылғандар, зағиптар, І және ІІ топтағы мүгедектер, сондай-ақ балалар осы көлікке арқа сүйеп жүрді. Енді жаңа ережелер оларды қоғамнан алшақтатып тастай ма деген алаң бар.
АЙМАН БИСЕНОВА, 1-ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:
Бізге жарты сағат жетпейді. Мен мысалға былтыр «Нұр Ситиде» тұрдым. «Нұр Ситиден» жұмысқа 1 сағатта жететін болдым. Мен қызымды да тасыдым. Мектепке қарай.
ЖАРҚЫН БАҚБЕРГЕНОВА, ЗАҒИПТАР ҚОҒАМЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жастар көбісі үйде отырып қалып жатыр. Біз оқуға да түстік, оқуын да оқыдық массажисттің. Соның бәріне бізге «Инва такси» керек мысалы қолдану үшін. Бірақ 25 сағат жетпейін деп тұр.
Арнаулы көлік негізінен азаматтарды дәрігерге, әлеуметтік мекемелерге, жұмысқа немесе оқу орнына апару үшін қарастырылған. Ал дүкенге, қонаққа немесе мәдени орындарға баруға пайдалануға рұқсат жоқ. Жауаптылар қаулы келер жылы енгізіледі деп отыр. Ал жылдың соңына дейін шектеу жоқ.
ГҮЛМИРА СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Негізі 26 жылдың қаңтар айынан өзгерістер болады деп жатыр. Нақты шешім қабылданған жоқ. Қазіргі таңда жүріп жатқан 3 мекеме бар «Инва такси» қызметінің Ақтөбе қаласы бойынша көрсетіп жатқан. Бұрынғы штаттық келісімде жұмыс жасайды.
Қалада 80 арнаулы көлік бар. 600-ден астам бала және 300-ге жуық ересек бұл қызметті тұрақты қолданады. Ал мүмкіндігі шектеулі азамататрдың саны 15 мыңнан асады, оның 3800-і бала. Жаңа шектеулер олардың күнделікті өміріне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Әйтсе де, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Инватакси» - тек көлік емес, олардың қоғамға толыққанды араласуының жалғыз жолы.