$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп пен Нетаньяху Газадағы соғысты тоқтатуға келісті

Трамп пен Нетаньяху Газадағы соғысты тоқтатуға келісті

Трамп – Газадағы геноцидті ұйымдастырушылардың бірі. Колумбия Президенті Америкалық әріптесіне осындай айып тақты. Бірақ, Трамп бұнымен келіспейді. Биньямин Нетаньяхумен бірге Газадағы соғысты тоқтатудың жаңа мерзімін белгілеп, өзара келісім жасады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп – Газа секторындағы геноцидке кінәлі. Оның көзін жою керек. АҚШ Президенті бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр. Осылай деп, Колумбия Президенті – Густаво Петро ағынан жарылды. Айтуынша, бүкіл әлем Израильді жою үшін әскер жасақтау қажет. Колумбия да оған өз үлесін қосады, - дейді Петро.

ГУСТАВО ПЕТРО, КОЛУМБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Трамп – татуластырушы емес. Қателеспеңіздер. Ол геноцидті тоқтату үшін саусағының ұшын да қимылдатпады. Трамп түрмеде шіруі керек. Ал, АҚШ әскері оған бағынудан бас тартқаны жөн. Сонда ғана бейбітшілік орнайды.

Трамп, осыны естіген болуы керек, Ақ үйге Израиль Премьер-министрін шақырып алды. Биньямин Нетаньяху екеуі Газада бейбітшілік орнайтын күнді белгілеп қойды. Жақын арада оқ атылуы тоқтап, ХАМАС-пен татуласамыз, - дейді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін – керемет күн. Тарихи күн десем де болады. Мыңдаған жыл бойы жауласып келген, иудейлер мен арабтарды татуластыруға жақынбыз. Әлбетте, Израиль менің кедергі болмай, оларға ХАМАС-тың көзін жоюға жол беруімді қалап отыр. Бірақ, мен бітімгерлікпен аяқтағым келеді. Енді, бейбіт келісімге ХАМАС-тың қол қойғанын ғана күтіп отырмыз.

Кенеттен, Нетаньяху да Трамптың жоспарын қолдап-қоштап отыр. Бірақ, қайтадан ХАМАС бас тартатын келісім ұсынып отырғанға ұқсайды.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біздің келісіміміз Газадағы соғысты тоқтатады. Сонымен қатар, ХАМАС-тың саяси билігін аяқтап, біздің азаматтарымызды елге қайтарады деген сенімдемін. Ең бастысы, Газа енді Израильге қауіп төндіре алмайтындай жағдай жасаса болды. Сол кезде біз де бейбіт өмірге дайын боламыз.

Ал, Газа секторында Израиль озбырлығынан зардап шеккен кезекті балалар легі Италияға емделуге келді. Бұл бастаманы Италия билігі толығымен өзі бастаған. Алғашқы кезде 50 бала болса, қазір бірден 150 жеткіншекті емдеуге бел буған.