Филиппинде 1 қазанға қараған түні қуатты жер сілкінісі тіркеліп, ауыр зардаптарға әкелді, деп хабарлайды Astana TV.
Жергілікті биліктің мәліметінше, магнитудасы 6,9 балдық дүмпудің салдарынан кемінде 22 адам көз жұмды.
Зілзала елдің орталығындағы Висай аралдарында болған. Қуатты дүмпулерден кейін бірнеше тұрғын үй қирап, аймақтың бір бөлігінде электр жарығы өшіп қалған.
Сейсмологтардың айтуынша, негізгі жер сілкінісінен кейін магнитудасы 6 балға дейін жететін афтершоктар тіркелген. Дегенмен, цунами қаупі жоқ екені хабарланды.