Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Astana TV.
«Boxy Wealth» атауымен жұмыс істеген ұйым халықты алдап, жоғары табысқа кенелтеміз деп уәде еткен.
“Ұйымдастырушылар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, салымшыларға жарнамалық материалдарды қарау арқылы күн сайын 5-10% табыс табуға болады деп сендірген. Бұл айына 150%-дан астам, ал жылына 1800%-ға дейін пайда түсіреді деген жалған уәде еді. Сонымен қатар, рефералдық сілтеме арқылы жаңа қатысушыларды тартқандарға қосымша 10% дивиденд төлеу жүйесі қарастырылған”- деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агентігі.
Тергеу деректеріне сәйкес, салымшылардың ақшасы дропперлердің атына рәсімделген банк карталарына түсіп, кейін криптовалюта әмияндарына аударылып отырған. Қазіргі таңда 230 млн теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды. 180-нен астам азамат жәбірленуші деп танылды. Қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.