$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университеті ашылады

Жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университеті ашылады

Жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университеті ашылады. Нейрожүйені дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Уақыт аз. Нақты ұсыныстар жыл соңына дейін дайын болуы тиіс.

Жасанды интелектінің даму қарқыны өте жоғары. Әлемнің алпауыттары бұл салада көш бастау үшін барын салуда. Мәселен, Қытай «ЖИ+» бағдарламасын жүзеге асыруда. АҚШ-та қол қусырып отырған жоқ. Жасанды зердеге қатысты бірнеше жобаны іске қосты. Бұл фактілер әлемде мүлдем жаңа даму парадигмасы қалыптасып жатқанын аңғартады. Сол себепті бізге де тұралап қалуға болмайды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз және егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға қарай анықталады. Жасанды интеллект осы трансформацияның қозғаушы күші болуға тиіс.

Маман даярлау ісіне де басымдық беру керек. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев зерттеу университетін ашуды тапсырды. Жыл соңына дейін Үкіметке осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруді жүктеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек. Қазіргі жаһандық білім және технология нарығында бәсеке өте жоғары. Дарынды жастарымыз әлемдік деңгейдегі сапалы білімді тек шетелден емес, өз елімізден де алғаны дұрыс.

Әр оқушының өзіне тән ерекшелігі бар. Бірі математикаға жүйрік болса да, тіл үйренген кезде қиналады. Енді бірі гуманитарлық пәндерге жетік болса, бірі физикаға шорқақ. Президент жасанды интеллект арқылы осы олқылықты жоюға болатынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ-та DreamBox және Knewton сияқты білім беру платформалары математика курсын әр оқушыға бейімдеп оқытады. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні тіл үйрену үшін қолданады. Қазақстанда да мұндай тәсілге жүгінудің айрықша маңызы бар. Әсіресе, көпэтносты ел ретінде біз тілдік, мәдени немесе жалпы білім деңгейі әртүрлі балалардың бәріне тең жағдай жасауды ойлауымыз керек.

Жасанды интелект мұғалімдердің де жұмысын жеңілдетеді. Алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырма беріп, дайындық тесттерін әзірлеп, оны тексеріп, жылдам кері байланыс орнатады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің мақсатымыз – педагогтерді басы артық жұмыстан босату, өз миссиясын алаңсыз атқаруына жағдай жасау. Үкімет жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізген кезде осы қағиданы ескеруі керек.

Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Мемлекет басшысы кеңестің келесі отырысын осылай атауды ұсынды.