Астанада «Digital Bridge 2025: Generative Nation» форумы басталды. Ол – өңірдегі жасанды интеллект пен цифрлық трансформация мәселелеріне арналған басты алаң. Алғашқы күннің маңызды шарасы – Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес болды. Жиында адами капиталға инвестиция салу, халықаралық ынтымақтастық және ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кеңесте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Интеллектке инвестицияларды тарту: ЖИ дәуіріндегі кадрлық капиталды қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстанның мамандар даярлау, зерттеу инфрақұрылымын дамыту және қазақ тілін цифрлық дәуірде ілгерілету стратегиясын таныстырды.
«Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті кадрларды даярлаудың кешенді жүйесін құруды қолға алды. Бұл – Қазақстанның жасанды интеллектіні енгізу ісінде өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған қадам. Біздің стратегия институционалдық және академиялық базаға, халықаралық әріптестікке, инфрақұрылым мен зерттеу әлеуетіне, сондай-ақ ірі тілдік модельдерді (LLM) әзірлеуге негізделген. Қазіргі таңда Қазақстанда жүзеге асып жатқан шетелдік 40 филиалдың 12-сі ЖИ мен киберқауіпсіздік бағытында білім беру бағдарламаларын ұсынады. Олардың қатарында Кардифф университеті, City University of Hong Kong, Миннесота университеті, SeoulTech, Heriot-Watt, Coventry University Kazakhstan және Аризона университетінің филиалдары бар», – деді министр.
Министрдің айтуынша, бүгінде еліміздегі барлық университеттерде ЖИ бойынша міндетті курс енгізілген, ондаған жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылған, AI-Sana ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ студенттер мен оқытушылар инновациялық ЖИ-шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысып келеді.
Маңызды шаралардың бірі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI-Sana: жоғары білімдегі ЖИ-трансформацияның драйвері» атты панельдік сессиясы болды. Оған әлемдік жетекші сарапшылар: Пол Ким (Дүниежүзілік банк), Пегор Папазян (TUMO), Олаф Грот (UC Berkeley, Cambrian Futures) және Гэвин Шаддик (Cardiff University) қатысты. Қатысушылар AI-Sana бағдарламасының жаңа буын мамандарын даярлаудағы, цифрлық кәсіпкерлікті дамытудағы және халықаралық тәжірибені Қазақстанның жоғары білім жүйесіне енгізудегі рөліне тоқталды.
Digital Bridge 2025 форумы Қазақстанның жасанды интеллект саласында өңірлік көшбасшы әрі мемлекет, бизнес, ғылым мен халықаралық әріптестерді біріктіретін ашық пікірталас алаңы ретіндегі мәртебесін тағы да айқындады.