Павлодарда ауылының тұрғындары сүт, ет өнімдерін сата алмай отыр. Ал сатқан күннің өзінде делдалдар су тегінге алғысы келеді. Мәселен, сүттің бір литрін бар жоғы 170 теңге сатуға мәжбүр. Бұл шығынды өтемейді дейді, шаруалар. Мәселе «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің өңірге барған сапары кезінде көтерілді.
Успен ауданы Равнополь ауылында шаруалар сүттің бір литрін небәрі 170 теңгеге сатады. Өйткені, ауылда сүт, ет өнімдерін өткізу қиын. Сол себепті шаруалар шикізатты арзанға беруге мәжбүр. Ал дүкендегі сүттің литрі 500 теңге. Осы секілді түйткілді шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды.
ҚАЙЫРЖАН ОМАРОВ, «ARIMPAS» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВІНІҢ ӨКІЛІ:
Біз ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қосылған шаруаларға қажетті барлық жағдайды жасайтын боламыз. Оларға малдың қысқы азығын дайындауға, жем азығын өсіруге жер ұсынамыз. Бұдан бөлек ет, сүт өнімдерін сатуға да көмектесетін боламыз. Яғни, шаруалардың барлық мәселесін шешуге ат салысамыз.
Равнополь ауылында 240-тан астам шаруа қожалығы бар. Бүгінгі күні оның 80-і ауыл шаруашылығы кооперативіне қосылған. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша елімізде 4 жыл ішінде 2 жарым мың ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақ. Мақсат халықтың табысын көтеру. Осы мақсатта ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен несие беріледі.
ЭЛЬДАР ЖҰМАҒАЗИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Менің ойымша, Равнополь ауылының мал, ет, сүт бағытындағы экономикасы жақсы. Ауыл халқын осы бағыттар бойынша табысын көтеруге болады. Сондықтан бүгін шешім қабылдадық. Бұл бағытта жұмыс жеткіліксіз. Осында біздің мамандарымызы келіп, екі аптаның ішінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, екі аптадан кейін халықпен тағы да кездесеміз. Сонымен қатар ауылдағы кооперативтің болашағы туралы әңгімені қайта қозғайтын боламыз.
Павлодарда кәсіпкерлерді Үкіметпен тікелей байланыстыратын үйлестіру кеңесі құрылды. Бұған «AMANAT» партиясы жолбасшы болып отыр. Өйткені, бизнесті дамытуда кәсіпкерлер түрлі кедергілерге ұшырайды. Алайда, туындаған түйткілдің көпшілігі шешілмейді.
ЭЛЬДАР ЖҰМАҒАЗИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Жергілікті атқарушы органдардың кейбір сұрақтарды шешуіне құзыреті жетпейді. Соған байланысты республикалық мемлекеттік органдарға жүгінуге тура келеді. Павлодарда отырып, ол министрліктерге жетуде оңай емес шыны керек. Сол себепті корсоветтің негізгі жұмысы осы өңірлердегі бизнесмендермен орталық мемлекеттік органдарды байланыстыру.
Жиында жас кәсіперлерді қолдау шараларын жетілдіру, бизнесті түрлі кедергілерден қорғау мәселелері көтерілді. Кәсіпкерлер өздері қойған сауалдарға тікелей жауап алды.