Оқу жылы бастала сала әлеуметтік желіде мектеп асханасына қатысты шу көбейді. Самса ішінен құрт шықты, балалар көгерген бөлмеден шыққан көкөністі жеді. Оның бәрін былай қойғанда лас ыдыстан дәм татып жүр. Бізде бір күндік тағамға мемлекеттен қаржы бөлінбейді емес, бөлінеді. Бірақ ол қаңғыбас итке берілетін теңгеден 5 есе аз. Неге? Орын алған бассыздықтарға қатысты жауаптылардың жауабы қандай? Әріптесім Аружан Задабек зерделеді.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Мектеп асханасы дегенде "Harry Potter" фильмі еске түседі. Хогвартстың асханасы қандай еді? Бүкіл зал – алтын шамдар, ауада қалықтап тұрған бәліштер, буы бұрқыраған сорпалар... Не қалайсың, соны жейсің. Ал, бізде қалай? Бір табақ ботқа. Қасында котлеті. Тісің өтсе ғана тәбетін ашылады. Сосын 1996 жылы түсірілген "Matilda" деген фильм бар. Брюс есімді оқушы мұғаліәмнің шоколодын рұқсатсыз жегені үшін жазаланады. Жаза қандай дейсіз ғой? Мектеп асханасындағы қара тортты жалғыз өзі жеп бітіру керек. Фильмде осы арқылы білім ошақтарындағы тамақ жайы ашық айтылған. Дәмсіздігі сонша, оны жаза ретінде қолдануға болады.
Біздегі жайды баяндау үшін киноға сүйеніп қажет емес. Желідегі мына видеолар өздері-ақ тіл қатып тұр.
Алматыдағы 65 мектеп-гимназиясы оқу жылы басталмай жатып сынның астында қалған еді. Тамақты айтпағанда, балалар көгерген бөлмеден шыққан көкөніспен қоректеніп, лас ыдыс-аяқтан дәм татып жүр. Енді мына самсаға қараңыз. Ішінде етінен гөрі құрты көп.
ГҮЛНАР КӘКІМОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
65 мектепке қатысты 4 өтініш түсті ата-аналардан. Біз ол жерге жоспардан тыс тексеріс жүргіздік. Құқықбұзушылық факторлары аықталды.
Жылына мемлекеттен 192 млрд теңге бөлінеді. Биыл ең көп ақша Астана қаласындағы балаларға беріледі. Күніне - 1090 теңге. Ал ең аз қаржы Жамбыл, Алматы, Абай облысында. 550 теңге.
АҚМАРАЛ МАҚҰЛБЕКОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
1,7 млн оқушыға, оның ішінде 1,4 млн-нан астам бастауыш сынып оқушыларына және әлеуметтік санаттың 285 мың 5-11 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастырды.
Бұл – әлемдеге түрлі мектепте оқитын оқушылардың асы. Арасында пайдалы тағам көп. Италия мен Оңтүстік Кореяда көкөністерді көп жесе, француздар үшін түсте бір тілім бри норма болып есептелінеді. Ал суық Финляндияда түскі ас сорпамен басталады.
Биылдан бастап біз де өзгеріс көп. Тұз бен қант азайды. Ас мәзірінен шұжық өнімдері, қақталған тағамдар және газдалған сусындар алынып тасталды.
АҚКҮМІС САЛХАНОВА, ҚАЗАҚ ТАҒАМТАНУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, артық салмақпен ауыратын балалар саны жыл сайын артып барады. Бұл құбылыс бүгінде XXI ғасырдың жаһандық індеті деп аталып жүр.
Расымен, қазір оқушылардың 60 пайызында ішек-асқазан және қан аздық ауруы бар. Ауру тек мектеп асханасынан келеді деуден аулақпыз. Дегенмен әлеуметтік желіде тараған соңғы ақпараттар көңілге күдік ұялатады.