Қытайдың метеорологиялық қызметтері мен төтенше жағдайлар жөніндегі ведомстволары елдің оңтүстік жағалауына қарай жылжып келе жатқан «Матмо» тайфунына байланысты ескерту және әрекет ету деңгейін жоғарылатты, деп хабарлайды Синьхуа.
«Матмо» — 2025 жылғы Тынық мұхитындағы 21-ші тайфун. Ол күшейіп, Қытайдың оңтүстігіне, атап айтқанда Гуандун және Хайнань провинцияларының жағалауына қарай бағыт алып келеді.
Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы сенбі кешке бұған дейін енгізілген «қызғылт сары» деңгейдегі тайфун туралы ескертуді ең жоғары «қызыл» деңгейге көтерді. Синоптиктердің болжамынша, тайфун жексенбі күні түске қарай аталған өңірлердің жағалауына жетіп, құрлыққа шығуы мүмкін.
Хайнань провинциясының метеостанциясы хабарлағандай, сенбі күні сағат 18:00-дегі жағдай бойынша «Матмо» тайфунының орталығы Оңтүстік Қытай теңізі үстінде, Вэньчан қаласынан шамамен 400 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан. Тайфун орталығындағы желдің жылдамдығы 35 м/с-қа жеткен.
Болжамға сәйкес, тайфун солтүстік-батыс бағытта сағатына 25–30 шақырым жылдамдықпен қозғалып, біртіндеп күшейе түседі. Оның жел екпіні 42–48 м/с болатын күшті тайфун санатына жетуі ықтимал.
ҚХР Су тасқыны мен құрғақшылықпен күрес жөніндегі мемлекеттік штабы Гуандун мен Хайнань провинцияларында су тасқыны мен тайфунға қарсы әрекет ету режимін 3-деңгейге көтерді. Ал Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында 4-деңгейдегі әрекет ету тәртібі сақталып отыр.
Бұдан бөлек, сенбі күні сағат 19:00-де Хайнань провинциясының билігі тайфунға қарсы әрекет ету деңгейін 1-ге дейін көтерді, бұл елдегі ең жоғары деңгей болып саналады.