$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үздік ұстаздар марапатталды

05.10.2025ж. 16:18
Үздік ұстаздар марапатталды

Астана қаласында өткен Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шараға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, өңірлерден келген үздік ұстаздар мен ардагерлер қатысты.

 Ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаған министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласын жан-жақты дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Бүгінде елімізде осы мақсатта білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, ұстаздардың кәсіби беделін арттыруға, әлеуметтік қолдауға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда.

«Ұстаз – жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, өмірге деген көзқарасын айқындайтын тұлға. Олар жас ұрпақты үздіксіз оқуға, өзін-өзі дамытуға бағыттайды, болашаққа сеніммен қадам басуына жол сілтейді. Сондықтан ұстаздардың еңбегі лайықты бағаланып, оларға үнемі құрмет көрсетіліп келеді», – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

 Министр сонымен бірге өскелең ұрпаққа сапалы білім және тәрбие жұмысында ұстаздармен, ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Бүгінде оқу-ағарту саласының алдында жаһандану көшімен бірге келген инновациялық толқындар, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне тиімді енгізу міндеті тұр. Жұлдыз Сүлейменова осы тұрғыда педагогикалық қоғамдастықпен бірқатар ұстанымдарымен бөлісті.

«Біріншіден, мектепте сапалы, қолданбалы білім берілуі тиіс. «Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының сапалы орындалуына ерекше мән беретін боламыз. Ұстаздармен форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жасанды интеллект технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте өзекті.

Екіншіден, білім жүйесі аясында оқушылардың адамгершілік мен моральдық келбетін қалыптастырудың «Адал азамат» біртұтас тәрбиелік бағдарламасын мазмұнды жүзеге асыруды ары қарай жалғастырамыз.

Үшіншіден және ең бастысы, мұғалімнің біліктілігін үздіксіз арттыру және олардың шығармашылық жұмысына жағдай жасау басты басымдығымыз болады», – деді министр.

 Сонымен қатар, министр мұғалімдерге оқу үдерісіне қатысы жоқ қосымша шаралар мен артық жұмыстар жүктелмеуі тиіс екенін баса айтты.    

 Жұлдыз Сүлейменова кәсіби жетістіктерге жеткен және оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен педагогтерді «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградаларымен марапаттады.