$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мысыр 6 қазанда Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөз өткізетінін жариялады

05.10.2025ж. 19:39
Мысыр 6 қазанда Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөз өткізетінін жариялады
Фото: Мысыр СІМ

 Мысыр 6 қазанда Израиль мен ХАМАС қозғалысы өкілдерінің келіссөздерін өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Каирдегі Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, кездесуде Израильдік тұтқындар мен палестиналық сотталғандарды босату тетіктері талқыланбақ, деп жазады DW.

 Мысыр тарапы келіссөздерге Израиль мен палестиналық ХАМАС ұйымының өкілдерін шақырып, оларды АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбіт жоспары аясында өткізуге бастама көтерді.

Келіссөздер тікелей форматта өтпеуі мүмкін. Каир СІМ-нің хабарлауынша, бұл кездесу Трамптың Газадағы әскери қақтығыстарды тоқтату жоспарын ұсынғаннан кейін аймақта және халықаралық деңгейде қалыптасқан серпінді дамытудың бір бөлігі.

Кездесудің нақты өтетін орны әзірге белгісіз. Израильдің Ynet басылымы мен басқа да дереккөздердің хабарлауынша, келіссөздер Шарм-эш-Шейхте, ал CNN Arabic Каирде өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ақпаратқа сәйкес, Израиль делегациясын стратегиялық жоспарлау министрі және премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың сенімді өкілі Рон Дермер басқарады,-деп жазады kaz.inform.kz.