Атырауда дәстүрлі «Atyrau Marathon – 2025» жарысы сәтті аяқталды. Биылғы додаға 2000-нан астам қатысушы тіркеліп, марафон шынайы спорт мерекесіне айналды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қатысушылар 42, 21, 10 және 5 шақырымдық қашықтықтарда өз мүмкіндіктерін сынады.
Нәтижесінде 96 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды.
Ерлер арасында абсолюттік жеңімпаз Ержан Жанарыстанов атанса, әйелдер арасында – Айгүл Уәлиева мәре сызығынан бірінші болып өтті.
Айта кетерлігі, марафон жүлдегерлерінің қатарында 15 жастағы жасөспірімнен бастап 65 жастағы тәжірибелі әуесқой спортшыға дейін бар. Бұл – Атырау марафонының түрлі жастағы спорт сүйер қауымды біріктіргенін және өңірде салауатты өмір салтының кеңінен дамып келе жатқанын дәлелдейді.