Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Сурдо-аударманы көбейту керек. «Кейбір заңдарға ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс мақұлдады.

AstanaTV
25.11.2017ж. 20:00
6588
Сурдо-аударманы көбейту керек. «Кейбір заңдарға ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс мақұлдады.

Құлағы естімейтін адамдар үшін теледидар экранында сурдо-аударма болуы маңызды екенін тәптіштеп түсіндірудің қажеті шамалы. Аса маңызды. Отандық телевизияда сурдо-аударма жоқ емес. Бірақ тек ақпараттық бағдарламаларда. Ал ондай аударма керек жандар тек жаңалық білгісі келмейді, деректі фильм, көркем фильм, ғылыми-танымдық фильмдер де көргісі келеді. Олардың да қақы бар. «Кейбір заңдарға ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауынан өтті. Сөз қылып отырған проблемаға қатысты тұсы және бірнеше мәселе Базаргүл Отыншиеваның материалында.  

Астанадағы тігін шеберханаларының бірінде 30 жылдан бері еңбек ететін Құралай теледидарды көп қарамайтындардың қатарынан. Өйткені көрсетілетін дүниелердің басым көпшілігін түсінбейді. Құлағы естімейтін кейіпкеріміз ақпарат құралдарында өзі сияқты жандар үшін не нәрсе жетіспейтінін айтып берді.

Құралай Серікбаева, тігін цехының шебері:

Телеарналардан  денсаулық күтіміне байланысты, спорт тақырыбын қамтыған, немесе қылмыс әлемі жайлы бағдарламаларды көргіміз келеді. Бірақ оларда сурдо аударма болмайды, жүгіртпе жол да жоқ. Адамдардың аузын қимылдатқанын ғана бақылап отырмаймыз ғой, амалсыз интернет көмегіне жүгінеміз. Себебі онда субтитрмен берілген, өзіңе қызықты кез-келген дүниені тамашалауға мүмкіндік бар. Кейде тіпті ғаламторда сериал қарайтын кезім де болады.

Құлағының мүкісі бар азаматтардың арасында сырқаттың салдарынан тас керең болып  қалғандары аз емес. Оқу- жазуды жақсы меңгергендіктен, жүгіртпе жолмен берілетін мәтінді оқу олар үшін оңай. Сурдоаудармамен қатар жүгіртпе аударманы сұрайтыны сондықтан. 420 дан астам сурдоаудармашы бар, әлі де дайындалып жатыр, аудармашы- маман табу қиын емес, бастысы ниет болса болғаны, дейді Қазақ саңыраулар қоғамының төрағасы. Дамыған елдерде мемлекет басшысының сөздері мен үкіметтік деңгейдегі жиындар телеарналардан міндетті түрде сурдоаудармамен берілетінін, бізде осы жағы жетіспейтінін айтты.

Серік Туымбетов, Қазақ саңыраулар қоғамы РҚБ төрағасы:

Елбасы Жолдауы құлағы естімейтіндерге неге сурдоаудармамен көрсетілмейді, біз де тең дәрежелі республика азаматымыз. Халықтың болашағын қамтитын бағдарлама бұл, алайда біз сияқты құлағы естімейтіндерге еш жаңалығы жоқ, естімейді деп, олай шеттетуге болмайды.

Қысқасы, «арналарда сурдо және жүгіртпе аударма бар,бірақ жеткілікті емес»,- дейді кейіпкерлеріміз. Ал аудармасымен берілетін дүниелердің эфирден көрсетілуі көбіне жұмыс уақытымен тұспа тұс келетіндіктен көре алмайды. Осындай ыңғайсыздықтар жойылса дейді. Ал «Қазақстанның кейбір заңдарына ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында дәл осы жәйт қамтылған. «Мүгедектер құқығы туралы» халықаралық конвенция талаптарына сай, оларға әлеуметтік- медициналық көмекпен қатар, ақпарат саласында да қолдау көрсетілмек.

Елдос Нәшірәлі,  ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры:

Телеарналарда кешкі сағат 6-дан 10-ға дейін жаңалықтар бағдарламасы міндетті түрде сурдоаударма немесе ишара тілінде қамтамасыз етілуі керек. Бұл әлемде қалыптасқан тәжірибе. Бұл ұсыныс мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында ұсынылып отыр.

Соңғы кездері БАҚ-да зорлық-зомбылық көрген балалардың суреті жиі жарияланады. Ал телеарналардың сюжет жасағанда баланың бет-жүзін ашық көрсететін кездері аз емес. Тіпті мекен жайы мен ата-анасы, оқитын мектебі туралы мәліметтер де өріп жүреді. Сарапшы мамандар пікірінше, бұл мүлде дұрыс емес.

Елена Белоконь, «Мой дом» ҚБ атқарушы директоры:

Әрине, кез келген бала өзіне қатысты қандай да бір жағымсыз жәйттің жария болуынан қорқады. Айналадағы адамдардың, достары мен сыныптастарының алдында күлкі-мазақ болуды қаламайды. Балаға зорлық-зомбылық, қатігез әрекеттер жасалса, ол мұны өзге түгілі тіпті ата- анасынан да жасыратын кездері жиі болып тұрады.

Балаға қатысты жеке деректердің қорғалмауы оның болашағына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Ашығын айтқанда, қолданыстағы заңдарда бала құқығын қорғайтын нормалар жоқ десе де болады. Сондықтан Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мәселені бақылауына алып, тиісті заңдарға өзгеріс енгізуді қарастырған.

Елдос Нәшірәлі,  ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры:

Бұл ақпараттың бала өміріне қандай теріс әсерін тигізетінін ескеру қажет, сондықтан, заң жобасында осындай ақпаратты жариялауға шектеу қойылып отыр. Осы шектеу ұсақ заң бұзушылық жасаған балаларға да қолданылады яғни кезінде бала ұсақ заң бұзушылық жасаса, кейін ол балада жағдайды түзетуге, дұрыс жолға түсуге мүмкіндігі болуы керек.

Петропавлдық Наурызбаевтар отбасы баланы жас күнінен мейірімділікке баулудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Отағасы да, оның жары да түзету мекемесінде жұмыс істейді. Тағдыр тәлкегімен шалыс басқандарды күнделікті көріп жүр. Сондықтан өмірде сәтсіздікке ұрынбас үшін балғын шақтан берілген дұрыс тәрбиенің орны ерекше дейді. Ал оған ғаламтор мен теледидардың қосар үлесі зор екені түсінікті.

Жәния Наурызбаева, Петропавл қаласының тұрғыны:

Балаларымыз көбіне планшет пен теледидардың алдында отырады, ал кішкентайдың миы кез келген ақпаратты тез сіңіруге бейім келетіні белгілі. Қатігездікке құрылған дүниелерді көрмеуін қадағалаймыз. Болашақта ол, баланың мінез құлқына, жүйкесіне ықпал етері сөзсіз. Перзентінің ғаламтор мен телеарналардан нені қарап жүргенін қадағалау ата- ананың міндеті. Алайда, мемлекет тарапынан да бақылау болғаны дұрыс деп есептеймін.

Елдос Нәшірәлі,  ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры:

Мектептердегі интернет мазмұнына шектеу қойылмайды бізде, осыны реттеу мақсатында білім беру ұйымдарында интернет арқылы берілетін ақпарат баланың жасына бейімделген болуы керек деген талап қойылып отыр.

Яғни, «мектептер тазартылған интернет пакетті ғана алуы тиіс. Бұл қадағаланады», -дейді министрлік өкілі. Айта кетсек, заң жобасы осы аптада Мәжілісте мақұлданды. Қолданыстағы заңдарға бас аяғы 200 -ден астам түзету енгізу қаралған. Олардың бірқатарын келтіре кетсек, мемлекеттік органдардың БАҚ тарапынан жолданған ресми сауалға жауап беру мерзімі 15-тен 7 күнге қысқарады. Және тұтас елдік маңызы бар төтенше жағдай бола қалса, 3 сағат ішінде жауап берілуі тиіс. Адамның банктегі мәліметтері, жеке өміріне байланысты мәліметтер мен дәрігерлік құпияға қатысты тұсы сақталады. Оны жариялау үшін кейіпкерден міндетті түрде рұқсат алынуы тиіс. Заң жобасын енді Сенат қарайды. Құжат қолданыстағы 6 кодекс пен 16 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.

Базаргүл Отыншиева «Біздің уақыт».