$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Бақыт құшағында» қазақша джубокс-мюзиклы тұсауксерге дейін қарияларға көрсетілді

«Бақыт құшағында» қазақша джубокс-мюзиклы тұсауксерге дейін қарияларға көрсетілді

Кинотуындының тұсаукесері  2025 жылдың 23 қазанында қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында үлкен экрандарға жол тартпақ. Дегенмен, картинаны кинопрокат ережелерінде бұрын болмаған қадамға барып, бірінші алдыңғы буынға арнайы көрсетіп, ақсақалдардың батасын алуға асықты. Себебі, бұл фильмді көрерменге ұсынудағы басты миссия ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтардың мәдени, рухани сабақтастығын композитордың әндері мен өзекті тақырыптар арқылы нығайту.

«Фильмде  қоғам үшін маңызды тақырыптар көтеріліп, отбасы институты үшін мәні зор мәселе ашылады, анаға құрмет, ер азаматтың міндеттері мен адалжауапкершілік тақырыптары да терең тарқатылады» - дейді фильмнің диджитал продюсері А. Есенәлі.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы»  ақсақалдар мен ақ жаулықты апалар кино тарихындағы тұңғыш қазақша джубокс мюзиклды елден бұрын тамашалады. Кино көрсетілім басталмас бұрын фильмнің режиссері Санат Шапашев, продюсері Анель Оспанова, диджитал продюсері Айкерім Есенәлі, актер Шах-Мұрат Ордабаев үлкен кісілерге картинаны елден бұрын қазақтың салтына сай алдымен алдыңғы буын өкілдеріне арнайы көрсеуге асық екенін айтып, бата сұрады.

Кинотуындыны тамашалау барысында фильмдегі композитор әндерін қосыла шырқау, көз жасқа ерік беру, күлу мен көңілді билеу сәттері де болды. Қариялар Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен байланысты жастық шақтың естелігін айтып, қазіргі жасқа да ұнайтынына тәнті болып,  қай заманда да құнды екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Бақыт құшағында» джубокс мюзикл фильмі толықтай Шәмші Қалдаяқовтың әндері негізінде түсірілген. Композитор туындыларының ұрпақтар сабақтастығындағы ролі ерекше.

Фильм үшін арнайы Ш. Қалдаяқовтың 12 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады. Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсетуде. Бұл режиссердің дебюты. Осыған дейін Санат Шапашов үлкен музыкалық тв жобалар арқылы және  «Казахи» КВН командасы резиденті ретінде танымал.

Фильм түсірілімдері үшін арнайы Голливудтың әйгілі кинотуындыларын түсірген инновациялық кинокамера алдырылды.

Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар  елорданың көркем жерлерінде түсірілген. «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230  актер билейтін ең үлкен массалық эпизодтар бар. Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген болатын. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді.

Мюзикл қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды ретінде өз орнын алады деген сенім бар. Бұл картина еліміздегі креативті индустриясының дамуына дәлел болатын туынды.  Фильмде бірнеше жанр мен бірнеше шығармашылық креативке орын бар.

Кинолента  қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды.