Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «Салтанат Нүкенова есімі жазылған тақта «Ұлттық жады қабырғасы» мемориалында орналасқан» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Қостанай облысы Амангелді ауданының әкімдігі мәлімдеді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2020 жылдан бастап Қостанай облысы Амангелді ауылында меценаттың бастамасымен көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы жүргізіліп келеді.
Бүгінгі күні кешен аумағында пирамида, «Аль-Гамбра» кафесі, «Бразилия» қонақ үйі, Эйфель мұнарасының, Нью-Йорктегі «Бостандық мүсінінің», Мексикадағы Майя өркениетінің Чичен-Ица пирамидасының көшірмелері, балаларға арналған спорт алаңшалары және өзге де нысандар салынған.
«Туристік хаб аумағында «Ұлттық жады қабырғасы» атты мемориалдық қабырға орналасқан. Онда тарихи тұлғалардың есімдері жазылған 296 ескерткіш тақта орнатылған. Аталған мемориалдық қабырға 2024 жылғы 23 мамырда монументалды өнер нысандарын орнату жөніндегі республикалық комиссиямен келісілген. Қазіргі уақытта мемориалдық қабырға жергілікті атқарушы органның балансына берілген.
Сонымен қатар, меценаттың жеке бастамасымен туристік кешен аумағындағы («Ұлттық жады қабырғасына» қатысы жоқ) жеке меншік қайырымдылық қорына тиесілі жабық нысандардың бірінде тарихи тұлғалар мен оқиғалардың атаулары жазылған бірнеше ондаған тақта орнатылған. Сол тақталардың қатарында Салтанат Нүкенова есімі жазылған тақта да бар. Тағы да атап өтеміз: бұл тақталар меценаттың жеке бастамасымен қойылған», – делінген Амангелді ауданының әкімдігі таратқан хабарламада.