$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Портлендке әскер кіргізе алмай қалды

Трамп Портлендке әскер кіргізе алмай қалды

Трамп тағы бір қалаға әскер кіргізбекші болған. Бірақ, бұл ісінен түк шықпады. АҚШ Жоғарғы Соты Президентке тыйым салды. Ал, Нетаньяху Газа секторымен келісе алмайтын секілді. Қолтырауынға тамақ берсең, түбі өзіңді жеп қояды, - дейді Израиль басшысы. Американың өзінде үкімет жұмысы жақын арада жанданбайды. Себебі, демократтар мен республикалықтар әлі бюджет жобасы бойынша келісімге келе алмай отыр. Грузияда қайтадан билікке қарсы ауқымды наразылық акциялары басталып кетті. Еркелді Тілеуқұл шартарапқа шолу жасады.

Трамп тағайындаған судья өзіне қарсы шықты. АҚШ Президенті жаппай тәртіпсіздік болып жатқан Портленд қаласына Ұлттық Ұлан кіргізбекші болды. Алайда, Жоғарғы Сот ең кемі 18-і қазанға дейін тыйым салған. АҚШ Президенті ашуына мініп, судьяның көзін құртамын дейді. Айта кетейік, қазір қалада заңсыз мигранттарға жаппай рейд жүріп жатыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Күшік асырап ит еттім. Ол балтырымды қанатты. Портленд енді өртке оранады. Мен қаланы құтқарғым келді. Ал, судьяның істеп отырғаны мынау. Өздерінен көрсін.

ХАМАС және Израиль мен АҚШ арасындағы келіссөздер сәтті аяқталуға жақын деген хабар тараған. Алайда, Нетаньяху көне қоймайтын секілді. Ол Газа секторына жаны ашыған елдерді сынға алып, бар жауапкершілікті ХАМАС мойнына арта салмақ. Израиль басшысы ұйым бірінші тұтқындарды босату керектігін айтты.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Уинстон Черчилль айтпақшы, қолтырауындарға тамақ бермеңдер, әйтпесе артынша өздеріңді жеп қояды. Әсіресе, Еуропа әлсіздік танытып жатыр. Лаңкестерді ойқастатып, оларға қолдау білдіруде. Бұның түбі жақсылыққа апармайды.

Үкіметтің жұмысы тоқтауына демократтар кінәлі. АҚШ-та шатдаун жалғасуда. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон қарсы партияны арандатушылық жасап жатыр деп айыптады. Өткен аптадан бері Америкада барлық мемлекеттік қызметті қаржыландыру тоқтап қалды.

МАЙК ДЖОНСОН, АҚШ КОНГРЕССІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ СПИКЕРІ:

Қазір бүкіл Америкада адамдар зардап шегіп жатыр. Себебі, демократтар саясат ойнаймыз дейді. Олар өз жұмыстарын тоқтатып, жұмыс істеуден қашып жатыр. Біз демократтардың былықтарын түзегіміз келеді. Олардың бірде-бір жобасы халық игілігіне жұмыс істемейді.

Грузия астанасы Тбилисиде қайтадан наразылық акциялары басталды. Мыңдаған адам биліктегі «Грузин арманы» партиясы Парламенттік сайлауда жеңіске жеткеніне наразы. Наразы топ полициямен қақтығысып, жүздеген адам тұтқындалды.