Алматының Апорты жойылып кетпейді. Тіпті, бақтардың саны да, көлемі де ұлғаймақ. Оның үстіне, алдағы жылдары дәл алмаға арналған бақтардың көлемі 100 мың гектарға жетеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Елордада ведомство БҰҰ-ның Азық түлік және ауыл шаруашылығы қорымен бірлесіп, Алма фестивалін өткізді. Өзге елдердің дипломатиялық өкілдіктері де қатысып, Қазақстандағы алма сұрыптарына таңданысын жасыра алмады. Әлбетте, жиналған жұрт бірден, Алматының апортына қызықты. Министрлік те, ведомстаға қарасты ғылыми институт та апорттан айырылмайтынымызға сендірді.
ЕРБОЛ ТАСЖҮРЕКОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Президент Алматы Апортын Ұлттық брендке айналдыру туралы тапсырма берген. Осы бағытта ауыл шаруашылығы министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары мен нақты іс-шаралары – егіс алқаптарын көбейцту мен ең алғашқы сұрыпты қайта жандандыру. Алматы облысында егіс алқаптары белгіленіп, сол жерде көшеттер егіліп, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.
БАЛНҰР ҚАБЫЛБЕКОВА, ҚАЗАҚ ЖЕМІС-КӨКӨНІС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Біздің эксперименталды бағымыз өте жас. Небәрі 10 жыл болды. Біздің жемістеріміздің салмағы 30 граммнан басталып, 500 граммға дейін жетіп жатыр. Қазір біз орташа фракция ұсынып отырмыз. Болашақта технологиясын сақтасақ, дәмі де, көлемі де жақсы өнімдер ала аламыз.