«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы ROAD-эстафета Қызылордада қорытындыланды. Оның өзіндік себебі бар дейді ұйымдастырушылар. Экологиялық акция аясында Қызылорда ең таза қала ретінде танылып отыр. 1200 шақырымды артта қалдырып жеткен керуен жол бойындағы қоқыстарды тазалап қана қоймай, ескерткіштерге де ат басын бұрды.
Эстафета аясында бір аптада 4 облыс, 1 қала қамтылды. Жол бойынан 150 тоннаға жуық қоқыс жиналған. Оған 3 мыңға жуық адам өз үлесін қосқан. «Бір команда – бір облыс» қағидасы бойынша әр өңірдің ерікті жастары өз аумақтарын қоқыстан тазалап шықты. Бұл кереуеннің мақсаты айқын, жүгі салмақты дейді жастар.
АҚЕРКЕ ИСКАНДЕРОВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:
Мемлекет басшысы айтатын әрдайым «Таза Қазақстан» ол әрқайсымыздан басталады. Сондықтан да біз тұрғындарға, жастарға «Таза Қазақстан» тек қоқыс жинау емес сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау, оны кез-келген жерге тастамау деген сияқты басты қағидаттарын түсіндіріп келдік.
Тазалық пен тарихты тоғыстырған акция аясында «Үш би» ескерткіші, «Ақыртас» кешені, Сарайшық, Сауран қалашығы сынды тарихи орындар да тазартылды. Сонымен қатар депутаттар жол бойындағы ауыл тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар өткізді.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жаңа бір ауылда болдық. «Жер аманаты» бойынша «AMANAT» көтеріп жүрген бізге арыз түсті. Мен өзім айналыстым Ақ тоғай ауылы. Содан 5,5 мың гектар жерді заңсыз бір бизнесмен алып қойған. Соны қазір қайтаруға жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа бардым сот шешімі шығыпты. 880 адамның үлесі қайтады дейді. Мен соны «Жер аманаты» бойынша жер қайтып жатыр, соған қуанып жатырмын.
Шара барысында жастардың белсенділіктері ерекше болды. Табиғатқа жанашырлық танытып қана қоймай, «Чемптондық рух» жаттығуларын өткізді. Әр өңірдің еріктілері эстафетаны ерекше көңіл-күймен табыстады. Қызылордалық жастардың да белсенділіктері жоғары. Бұл бірлігімізді нығайта түсті дейді олар.
АЗАМАТ ӘСАФИ, ЕРІКТІ:
Жастарға патриоттық сезім береді, сонымен қатар еліне деген кішкентай болсын кетіп бара жатып бір қоқысты көтеріп қапқа салудың өзі елі үшін сүйіспеншілігін арттырады дегоен ойдамыз. Сонымен қатар жастардың басы қосылып, бірге қызықты уақыт өткізеді.
Ауқымды бастамаға Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы сеп болып отыр. Ол өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениеттің әдемі үлгісін көрсетері сөзсіз.