$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент ТМҰ аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды

Президент ТМҰ аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды

Әзербайжанның Габала қаласы бүгін табиғатымен емес, саяси салмағымен көзге түсті. Себебі, түбі бір, тарихы ортақ Түркі елдерінің көшбасшылары бас қосып, бауырлас халықтардың болашаққа бағдарын айқындады. Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының дамуына серпін беретін онға жуық бастама көтеріп, ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Бұл Түркі халықтарының маңызды саяси шарасы өтіп жатқан Габаладағы конгресс-орталық.  Ұйымның ХІІ саммитіне қатысу үшін арнайы барған Мемлекет басшысын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қарсы алды. Бауырлас елдердің көшбасшыларымен суретке түсті.

Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас, ортақ сан ғасырлық шежіре бар. Бүгінде бауырлас елдер құрған ұйымның шоқтығы биік. Достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Мұның барлығы бірлігімізді бекемдей түсетін шаралар мен келісімдердің жемісі. Бірақ, мұнымен тұралап қалуға болмайды. Мемлекет басшысы ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатын жобаларды қолдайтынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз.

Түркі елдерінің қауіпсіздікті нығайту және сын-қатерлерге қарсы тұру жолындағы мақсат-мүддесі ортақ. Ұйымға мүше мемлекеттер жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолында аянып жатқан жоқ. Бірақ, технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда көптеген елдер шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы олқылықтың алдын алу үшін Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. 

Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Осылай деген Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атады. Саланы ілгерілету үшін Түркі инвестиция қорының мүмкіндіктерін барынша пайдаланылмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді.

Түркі елдері географиялық тұрғыдан Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің тоғысқан тұсында тұр. Демек, логистика секторын дамытудың маңызы зор. Қазірдің өзінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 6 есе өсті. Салаға жасанды интелектіні енгізу арқылы көрсеткішті одан әрі арттыруға болады. Мемлекет басшысы дәл осы себепті ұйым аясында арнайы Цифрлық мониторинг орталығын құру бастамасын көтерді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз түркі мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз.

«Жасанды интеллект және цифрлық даму». Келер жылы Астанада өтетін ұйымның бейресми саммиті осындай атаумен өтеді. Бұлай аталуы тегін емес. Себебі, цифрландыру мен жасанды интеллектінің әлеуетін халық игілігі үшін ұтымды пайдалану бауырлас халықтардың басты міндеті. Осы мақсатта Мемлекет басшысы бірқатар ұсынысын айтты. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді.

Энергетика – экономиканың тірегі, стратегиялық әріптестіктің негізі. Бүгінде бауырлас халықтар ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда. Қасым-Жомарт  Тоқаев ынтымақтастықты ілгерілету үшін Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құру керегін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы су тапшылығын да сөз етті. Қарт Каспийдің тартылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Себебі, бұл теңіздің Түркі жұрты үшін орны бөлек. Халықтар арасындағы дәнекер деуге де болады. Президент күрделі мәселені күш біріктіріп шешуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. + Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады.

Түбі бір, бауырлас елдері арасында мәдени-гуманитарлық байланыс та беки түскен. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынды. Ұйымға төрағалық ететін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке мол табыс пен сәттілік тіледі.  Саммит қорытындысы бойынша Габала декларациясына қол қойылды.