$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Бас прокуратура МӘМС-тің ізіне түсті

07.10.2025ж. 19:00
Бас прокуратура МӘМС-тің ізіне түсті

«МӘМС-ті түсіну қиын». Осылай деген Олжас Бектенов медициналық көмек көрсету стандарттарын қайта қарауды тапсырды. Енді Үкімет жүйені жедел түрде жүйелеуі тиіс. Уақыт аз. Өйткені Бас прокуратура медсақтандыру қорының ізіне түсті. Салаға қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Биылдың өзінде 3 триллион теңге ұстатыпты. Ал, қор судың да сұрауы барын біле ме? Талай ескертпеден өткен жобаның түйіні қандай? Аружан Задабек тақырыпты таразыға салды.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

МӘМС-тен мән кетті. Маза да кетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру — «міндетті» дегені болмаса, өзі беретін қызметі көптің көңілінен шықпай-ақ қойды. Жүйе 2020 жылы іске қосылды. «Халық ақысын төлесе, сапалы медициналық көмек алады» деді Үкімет. Жұрт о бастан сенбеді, сескенді, қарсы болды. Соған қарамастан енгіздік. Арада бес жыл өтті. Баяғы жартас, сол жартас дейді тұрғындар. Әлі күнге дейін қарапайым сұраққа жауап жоқ. Не үшін төлейміз, не аламыз? «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін едік,  қазір сақтанып та ем ала алмайтын күйге түстік.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Әлі де проблема бар. Жоқ деп бәрін жоққа шығара алмаймыз. Енді бұл жерде шұғыл көрсетілетін медициналық көмек жоспарлы түрде көрсетілетінін айтып кету керек. Шұғыл көрсетілетін көмек дер кезінде көрсетіліп жатыр.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Теңге берсек те тегін қарала алмаймыз!» де шырылдаға жұрт жыл сайын миллиардтарын МӘМС-ке аударады. Биылдың өзінде  бюджеттен 3 триллион теңге бөлінген. Бірақ оның қайда, қалай жұмсалып жатқаны құпияның құпиясы. Құдды бір беті жабық қазан сияқты. Қайнап тұрса да, қақпағын ашу қиын. Бір білеріміз, ондағы миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалған. Оны кезінде депутат Базарбек жайып салып, тез арада тексеруді талап еткен. Міне, бас прокуратура қордың ізіне түсті.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сіз бұл бағытта министр болып келгелі ештеңе істеген жоқсыз. 2017 жылғы заңға қайшы бұйрықтың күшін жойған жоқсыз. Екіншіден, сіздің алдыңызда – МӘМС-тегі жемқорлық көзі тұр.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

МӘМС тақырыбына келгенде жемқорлықтың қозғалуы бірінші рет емес. Соңғы үш жылда 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, 57 адам сотталды. Ал, осыдан бірнеше ай бұрын қор төрағасының орынбасары Ғалымжан Әбілов 400 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Әріптесінің басына түскен жағдай басшыға ауыр тиген-ау, істің қалай жүріп жатқанын сұрап едік, ләм-мим демеді. 

АЙДЫН ҚҰЛСЕЙІТОВ, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қазір сол тергеу әлі жүріп жатыр. Заң бойынша ешқандай комментарий бере алмаймыз.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Елде 3 миллионнан астам адам сақтандырылмаған. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер олардың денсаулығы сыр берсе, тегін барып көмек ала алмайды. Ал қалтасы көтермесе, әрі қарай жағдайын елестетудің өзі қиын. Әлназарова бастаған топ, мәселені 5 жылдан кейін әрең түсінді ма, әйтеуір, өзгеріс енгізуге енді бекенді. Бұдан былай 1 миллионнан астам сақтандырылмаған азамат та ақысыз ем алады. Сондай-ақ, келер жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджет есебінен Медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Кейбір жаңа ережелерді түсіну қиын. Балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен азаматтардың басқа да жеңілдікті санаттарына медициналық көмек көрсету тәртібі мен көлемі өзгеріссіз қалуға тиіс.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қысқасы, төрде отырғандар саланы "реформалаймыз" дейді. МӘМС-ті денсаулық сақтау саласының негізгі қаржыландыру көзіне айналдырмақшы. Жалпы, қор арқылы дәрігерлер жалақысы 2,8 есе - 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін көбейген. Әйтеуір көп уәде  көк соққы боп жүрмесе болғаны. Қазаны қайнап-қайнап, сорпасы сарылып кетпесе деген үміт баяғы. Жауаптылар уәденің Құдай сөзі екенін ұмытпаса, мәселенің шешілер күні таяп қалғандай.