АҚШ үкіметі жұмысы мен қаржыландыру тоқтатылғаныннан бір аптадан соң диспетчерлердің жұмысқа шықпауына байланысты рейстердің кешігуі мен тоқтатылу жағдайларының саны артып келеді, деп хабарлайды ABC News.
Сейсенбіде Теннесси штатындағы Нэшвилл халықаралық әуежайының үстіндегі әуе қозғалысын қадағалайтын мұнарада шектеулі ғана қызметкерлер жұмыс істеп, осыған байланысты қонатын ұшақтарды Мемфистегі әуе қозғалысын басқару орталығы үйлестірді. Рейстер орташа есеппен екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілді.
Азаматтық авиация федералды басқармасының (FAA) нұсқауларына сәйкес, қызметкерлер тапшылығына байланысты Далласта (Техас штаты) рейстің кешігуі орташа есеппен 30 минутты, ал Чикагода (Иллинойс штаты) 40 минутты құрап отыр.
FAA құжаттарына сәйкес, Калифорниядағы Бербанк әуежайы әуе диспетчерлерінің жетіспеушілігіне байланысты дүйсенбіде басқару мұнарасын бірнеше сағатқа жабуға мәжбүр болды.
Дүйсенбіде Колорадо штатындағы Денвер әуежайында 600-ден астам және Аризонадағы Феникс әуежайында 200-ге жуық рейс тоқтатылды.
Әуе қозғалысы диспетчерлері Ұлттық қауымдастығының (NATCA) мәліметінше, әуе диспетчерлері жалақының бір бөлігін 14 қазанда алады, бірақ үкіметтің жұмысы тоқтап тұра берсе, 28 қазанда қаржыландыру болмайды.
Диспетчерлер өмірлік маңызы бар жұмысшылар саналады және үкімет жұмысын тоқтатқан кезде жұмыстан шығарылмайды. Көлік департаменті жұмысын тоқтату жоспарына сәйкес, шамамен 13 294 диспетчер жұмысын жалақысыз жалғастырады,-деп жазады kaz.inform.kz.