Бүгін Ақтау қаласында өтіп жатқан TurkicSkills 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының алаңына WorldSkills International ұйымының стратегиялық даму жөніндегі Кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш (Ray English) келді.
Еске сала кетейік, чемпионат Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтуде. Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған бұл бірегей шара түркітілдес елдердің кәсіби шебер жастарын біріктіреді.
Айта кету керек, алғашқы түркітілдес елдердің чемпионатының өтуіне WorldSkills International халықаралық қозғалысының тарапынан қолдау көрсетілді. Рэй Инглиш байқау алаңдарымен танысып, қатысушылармен, сарапшылармен әңгімелесті. Ол чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейін және жас мамандардың кәсіби шеберлігін жоғары бағалап, Қазақстанның WorldSkills қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Мен қатысушылардың ынта-жігерінен ерекше әсер алдым және чемпионаттың түрлі елдердің болашақтың кәсіби дағдыларын дамыту мақсатында біріккеніне тәнті болдым», — деп атап өтті Рэй Инглиш.
WorldSkills International өкілінің келуі қатысушылар мен ұйымдастырушылар үшін маңызды болды. Бұл TurkicSkills 2025 чемпионатының халықаралық деңгейде мойындалғанын және оның тәжірибе мен инновациялар, мәдени өзара ықпалдастық алаңына айналғанын көрсетеді.
Чемпионат цифрлық технологиялардан бастап қолданбалы жұмысшы мамандықтарға дейінгі 10 құзыреттілікті қамтиды.