$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда донор болу үшін не керек?

AstanaTV
08.10.2025ж. 19:00
Қазақстанда донор болу үшін не керек?

Дерті бар адамға дем беріп, ем сыйлайтындар бүгінде аз емес. Былтырғы жылмен салыстырғанда донор болатындардың саны артқан.  Бірақ, сонда да донор тапшы. 4 мыңнан астам адам күту кезегінде тұр. Мәселен неде? Үсен Астананың материалында.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Адам ағзасы пазлға ұқсайды. Бір бөлігі кем болса ойдағы сурет шықпайды. Дәл солай сіздің де дене мүшеңізде бір орган жетіспесе, ауру үдеп, уайым жетегіне ереді. Қараңызшы, осы көріністің өзі қандай? ... ал, егер осы дертті сіз сезінсеңіз ше?

Бибігүл Жүкенова мұндай жандардың жағдайын жақсы түсінеді. Себебі, ол да донорды үмітпен күтті.  

БИБІГҮЛ ЖҮКЕНОВА, РЕЦИПИЕНТ:

Мен 7 жылдан бері жаңа ағзамен өмір сүріп келемін. Қанша адам күтіп жүр, мен оларды жақсы түсінемін. Қазір барсың, ертең барсың ба, жоқ па білмейсің, өте қиын жағдай....

Елімізде қазір 4384 адам трансплантация кезегін күтуде, оның 121 бала. Үреймен ұйықтап, үмітпен таң атыратындарға өмір сүру үшін ағзасының бір бөлігі жетпейді.  Ал донор тапшы. Қазақстандықтардың 3 пайызы ғана ағза донорлығы туралы ұстанымын ресми айқындаған

НАЗГҮЛ ЖАНГЕЛДИНА, ҚР ДСМ ТРАНСПЛАНТТАУДЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мына 3 жылды салыстырсақ 2023-ке қарағанда 3 есе көбейді, 4 есе бас тарту көбейді.Бірақ мына келіп еркіндік білдіретін азаматтардың саны 10 миллиондай болуы керек. Ол азаматтар 18 бен 62 жастың арасындағы азаматтар еркін білдіретін болса 134 мыңы ғана официально түрде анықтаған. Ол өкінішке қарай әлі де аз.

Ағзаны ақшаға сатып, заң бұзатындар бар. Бас прокуратура  мәліметінше, былтыр 22 қылмыстық іс қозғалған. Оның алтауы топтық қылмыс ретінде тіркелген.  Ал елде жыл сайын ағза тапшылығынан 300-ден астам адам көз жұмады.

МЭЛС АСЫҚБАЕВ, ҚР ДСМ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТРАНСПЛАНТОЛОГ-ХИРУРГЫ:

Еуропалық мемлекеттерінің орталықтарында трансплантацияның 98%-ы мәйіттік донорлардың арқасында жасалынады. Олар туыстық транспланттауға өте сирек жүгінеді. Біздің елде, керісінше, операциялардың 90%-ы – тірі донордан алынған трансплантация.

Ресми дерек бойынша, елімізде 2012 жылдан бері 3 200-ден астам ағза трансплантациясы жасалған. Алайда, бүкіл жүйенің дамуы ең алдымен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа тікелей байланысты болып отыр.

ЕЛБЕК ҚОЖАМҰРАТОВ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Шариғат рұқсат берген дүниелер аманатқа қиянат болып есептелмейді. Яғни, тірі адамнан тірі адамға болсын, қайтыс болайын деп жатқан адамның өз ағзасын көз жұмғаннан кейін басқа адамға салуға келісім беруіне шариғатта рұқсат болғандықтан, бұл аманатқа қиянат болып есептелмейді.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Мына өмірді сүрууге менің де сіздің де  оның да хақысы бар. Күту парағында тұрған әр пациент күдерін үзбей, үздіккен үмітіне үлгеріп жетсе екен.