Елде жасанды түсік жасайтындар жиілеген. Жыл сайын 70 мыңнан аса ана сәбиінен бастартады. Құрсағындағы нәрестесін құшағына алғысы келмейтіндердің дені – 25 пен 35 жас аралығындағылар. Жасына жетпей бойына бала бітіп, ерте жүктілік қамын киетін жасөспірімдер саны да артыпты. Мәселені әрі қарай әріптесім Аружан Задабек жалғастырады.
"Бесік көрмеген баланы жер көрер". Қазақтың осы сөзі дәл осы тақырыпқа дөп атылғандай. Елде жасанды түсік дерегі азаяр емес. Жыл сайын 70 мыңнан аса жағдай тіркеледі. Демек, күніне орта есеппен 190-нан аса әйел сәбиінен бастартады. Бұл – құр сөз, құрғақ статистика емес. Әр санның артында бір тағдыр, бір шешім, бір өмір жатыр.
МАҒРИПА ЕМБЕРГЕНОВА, АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Оның ішінде фертильді жастағылар көп. 25-35 жас аралығындағы әйелдер арасында көп.
Бұл - қолда бар ақпарат. Жатырындағыны жасырып, дәрігердің көмегінсіз-ақ көгершінін көкке ұшырғандар қанша?! Мұндай күмән тууы бекер емес. Қаланы қайдам, бірақ кей ауыл-аймақта баланы лезде түсіретін дәрі ашық сатылады. Құрсағынына нәрестесінен құтылғысы келетіндердің арасында әлі кәмелет жасқа келмеген жасөспірімдер де бар. Балалықпен шала басып, «аборт» дегеннің әлегіне түседі. Некесіз тууға болмайды деп талай сәбиді талай бойжеткен о дүниеге аттандырды.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Ата-ана мен жасөспірім арасында ашық диалогтың болмауы, жасөспірім өзінің ата-анасына сенбеуі, сонымен қатар, тәрбиенің әлсіреуі. Қазіргі таңда жасөспірімдер көбіне интернеттен ақпарат алады. Бірақ ол ақпаратты фильтрден өткізе алмайды және оны бұрмалаңған түрде түсінуі мүмкін.
Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында жүктілік бір жарым есе өсті. Ерте босану жағдайлары әсіресе Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында көбейген. 2023 жылдың өзінде 5 мыңнан астам жеткіншек ерте ана атанды. Бұл медициналық ұйымдарға тіркелгені ғана.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Оқушылармен тікелей жұмыс істеу керек. Тек қана мұғалім айналыссын деп айта алмаймыз. Бұл жерде қоғам болып, ата-ана болып күресі керек. Болып жатқан жағдайғам бүкіл қоғам кінәліміз.
Мамандар қазір балалар жыныстық өмірге ерте араласатынын айтып мәселе көтеріп отыр. Көбі жауапты кезеңге 15 жасында аттайды деп дүрлікті. Сөйтіп олардың 62 проценті 18-ге толмай бала босанады. 22 пайызы жасанды түсік жасап, шырағын сөндіреді.