$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қызметтік ит 5 мыңнан астам иісті ажырата алады

Қызметтік ит 5 мыңнан астам иісті ажырата алады

Қызметтік иттер бес мыңнан астам иісті ажырата алады. Олар -есірткі мен жарылғыш заттарды анықтауда, сондай-ақ жоғалған адамдарды іздеуде таптырмас көмекші. Арнайы үйретілген иттер күшік кезінен дайындықтан өтіп, қабілетіне қарай әртүрлі бағытта мамандандырылады. Тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналған иттер жайында Назерке Алтынбек баяндайды.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Бұл - Арлан. Ол арнайы дайындықтан өткен қызметтік ит. Оның иіс сезу қабілеті мыңдаған адамды қауіп-қатерден сақтап келеді. Арлан тек сенімді дос қана емес, нағыз  әріптес. Ол кинологпен бірге таңертең тұрады, жаттығады, із кеседі және жұмысқа кіріседі.

Орталықтағы қызметтік иттер жазасын өтеушілерді камерадан алып шығу және кері қайтару кезінде қауіпсіздік шараларына қатысады. Егер сотталған азамат қашуға әрекеттенсе, ит дереу қолға шабуылдайды. Бұл оқыс жағдайдың алдын алу үшін қажет. Ал кинолог мамандығын таңдаған жас мамандар алдымен иттің анатомиясы мен психологиясын зерттейді. Қай тұқымның қандай міндетке бейім екенін анықтап, қызметке лайықтысын сұрыптайды.

НҰРЖАН ТИЛЬДАХМЕТОВ, КИНОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА НҰСҚАУШЫСЫ:

Оқу бригадасы бар бізде. Бригадада өзінің осы жерден бекітілген иті болса, осы жерден, болмаса сол жақтан беріледі. Ол жас мамандар, келгеннен сол жаққа жібереміз.  Екі ай оқып келеді курсын. Толығымен қалай үйретуді, оны қалай қызметте қолдануды, соның бәрін үйреніп, жаттығып, екі айдан кейін келеді. Содан кейін барып, қызметке шығады.

Қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды анықтауда маңызды рөл атқарады. Арнайы жаттығулар арқылы олардың иіс сезу қабілеті үздіксіз дамытылады. Бұл процесте кинолог мамандарының еңбегі ерекше. Олар- төрт аяқтылардың жаттықтырушысы, серігі әрі нағыз әріптесі.

АСЛАН ЖАКЫБАЛИЕВ, КИНОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ НҰСҚАУШЫСЫ:

Кинолог маманының, қызметтік итсіз жұмысы болмайды. Қылмыскер қашқан жағдайда, осы сенімді серігіміздің ізіне қоямыз. Күдікті адамдар сәл қорқып, сескеніп тұрады ғой. Адам сезбесе де, осы иттер сезіп қояды.

Аслан Жақыбалиевтің айтуынша, итті үйретудің түрлі әдісі бар. Көп жағдайда ойын арқылы оқыту тәсілі қолданылады. Мұндағы иттер орта есеппен сегіз жасқа дейін қызмет етеді. Жұмысын абыроймен аяқтаған соң, оларды кинолог үйіне алып кетуге құқылы.

АСЛАН ЖАКЫБАЛИЕВ, КИНОЛОГИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ НҰСҚАУШЫСЫ:

Жұмысқа келгенде кәдімгідей баламыз сияқты күтіп тұрады. Әр кинолог маманның өзінің иті, иесінің алдынан шығады.

Қызметтік иттердің иіс сезу қабілеті мен жылдам әрекеті талай қылмыстың бетін ашуға сеп болған. Ал арнайы дайындықтан өткен әр иттің артында кәсіби кинологтың ерен еңбегі тұр.