Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған алғашқы TurkicSkills 2025 кәсіби шеберлік чемпионаты колледждер мен бизнес қауымдастық үшін маңызды ынтымақтастық алаңына айналды.
Чемпионат аясында колледждер кәсіпорындармен, шетелдік колледждермен 100-ге жуық ынтымақтастық меморандумына қол жеткізді. Олар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа технологияларды, инновациялық жобаларды, заманауи оқыту әдістемелерін енгізуге, WorldSkills қозғалысын дамытуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобалар мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыруға бағытталған.
«Бұл келісімдер студенттерімізге кәсіби дағдыларын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе жинақтауға және еңбек нарығында өз орнын табуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыруға және заманауи өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам болып табылады», — дейді «Talap» КеАҚ президенті Санжар Тәтібеков.
Атап айтар болсақ, Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы робототехника саласында «Dosti» компаниялар тобы ЖШС техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Х. Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі мен «KidsGo Technology Ltd.» компаниясы арасында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника және цифрлық білім беру бағдарламалары саласында ынтымақтастық орнатылды.
Айта кетейік, халықаралық TurkicSkills 2025 кәсіби шеберлік чемпионатына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен 16-22 жас аралығындағы 70-ке жуық студент пен жас маман, сондай-ақ 90-ға жуық жоғары білікті сарапшы қатысуда.