Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 99 мың теңге болады. Бірақ барлық жұмысшылардың табысы бірдей өспейді. Тек азаматтық қызметкерлердікі көбеймек. Бүгін Сенатта дамушы елдердің төменгі жалақысын реттеу Халықаралық Конвенциясы ратификацияланды. Өткен ғасырдың 70-і жылы қабылданған бұл құжат құрғақ макроэкономикалық есептермен шектеліп қалмай, медиандық көрсеткіштерге негізделеді.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Республикалық бюджет қаралғанда, келесі жылдан бастап біз әдістемелік өзіміздің жасаған есептерімізді беріп отырамыз. Онда екі көрсеткіш негізге алынып қаралады. Ол медиандық жалақы және еңбек өнімділігі. Статистикаға қарасақ, ол екі көрсеткіш жылда өсіп отырады. Сол себепті, ең төменгі жалақы 85-тен өседі деген мүмкіндік бар.
Одан бөлек, енді қазақстандық азаматтар Қатарға барып 30 мамандық бойынша жұмыс істей алады. Еліміз тарапынан мерзімі шектелмейді. Оны тек жұмыс беруші белгілемек. Екі ел арасындағы келісімді де Сенат бүгін ратификациялады. Ал, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі парсы шығанағына барып, жұмыс істеймін деушілерге жағдай жасамақ. Алматы, Түркістан және Шығыс-Қазақстан облыстарында жұмысшы мамандықтарды меңгеріп, тіл үйренуге арнайы орталықтар белгіленеді. Ниет білдіргендер тегін орта білім алады.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Атап айтқанда Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін жерлестеріміздің жол мен баспана шығындары шақырушы тараптың есебінен өтелетін болады. Сонымен қатар, еңбек демалысы мен медициналық сақтандырумен қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктеліп отыр. Жалпы, заң Қатар елінде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын толық қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп сенеміз.