Павлодар соты киіктің мүйізін сақтап, істі болған 5 адамды бостандыққа шығарды. Олардың алды 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Себебі, бұрын Қылмыстық Кодекстің 339-бабы бойынша жойылудың аз-ақ алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз пайдаланғаны үшін бірдей жаза қарастырылған болатын. Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес табиғатқа зиян келтіргендері ісі енді екі бөлек сараланатын болды. Сот отырысы жайлы Өзгеріс Қуанар тарқатады.
Сағындық Шәпиев – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны. Осыдан 3 жарым жыл бұрын киік мүйізін үйінде сақтағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын Павлодар қаласындағы №44 түзету мекемесінде өтеді. Сотталушының айтуынша, ол киік мүйізін сақтауға болмайтынын білмеген. Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес сотталушы сот залынан босап шықты.
САҒЫНДЫҚ ШӘПИЕВ:
Өте ризамын. Мына ҚР 339-бабына примаддин енгеніне. Енді жарты жыл срогымнан босап, тезірек үйіме шығып бара жатырмын. Алла қаласа, жанұяма оралам бүгін. ҚР Парламент депутаты Абзал Құспан мырзаға өте үлкен рахметімді айтқым келеді.
Сағындық Шәпиев соттылығынан бөлек ірі көлемде айыппұл арқалаған болатын. Оның қарызы да алынып тасталды.
МЕЙРАМГҮЛ АБЫЛҒАЗИНА, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Шәпиевтен мемлекет пайдасына 1 млрд. 203 млн. 187500 теңгені және 36 млн 95625 теңге мемлекеттік баж салығын өндіртіп алу туралы шешім алынып тасталсын.
Мемлекет басшысы 2023 жылы халыққа арнаған жолдауында қылмыстық заңнамаларды зерделеуге тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде өткен жылы қылмыстық заңнамалар оңтайландырылып, жаңа заңдар қабылданды. Заңның орындалу барысымен Мәжіліс депутаттары танысты.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Депутат Абзал Құспан осы заңға жетекшілік ету барысында бұл бапты бөлу туралы мәселені көтеріп, сонымен 339-1 деген жаңа бап енді. Бұған өзінің тікелей қатысы жоқ. Бірақ, сол қылмыстық жолмен алынған қосымша материалдарға пайдаланған, сақтағаны үшін, оны тасымалдағаны үшін оны пайдаланғаны үшін жаза жеңілдетілді.
Себебі, бұрын заңда жойылудың аз-ақ алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз пайдаланғаны үшін бірдей жаза қарастырылған. Заңның жаңа бабы бойынша табиғатқа зиян келтіргендердің ісі енді екі бөлек қаралады.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Әділетті Қазақстан ұғымы жай сөз емес. Расымен де заңдағы әділеттілікті, қоғамдағы әділеттілікті орнату мақсатында жүзеге асып отырған норма. Соның аясында азаматтарымыз сот процестерінен босап шығып жатыр сот залынан. Расымен де мойнынан 2 млрд-қа жуық айыпұлдардың босауы адам тағдыры үшін маңызды сәт. Көзіне жас алып жатты, жаңа көріп отырсыздар. Өте қиын.
Қылмыстық Кодекстің 339-1 бабы бойынша елімізде 100 ден астам азамат істі болған. Алдағы уақытта осы іспен сотталған барша азамат жаза мерзімі қысқарып, бостандықа шығады деп күтілуде.