$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ХАМАС пен Израиль алдын ала келісімге қол қойды

ХАМАС пен Израиль алдын ала келісімге қол қойды

ХАМАС пен Израиль алдын ала келісімге қол қойды. Батыс басылымдарының хабарлауынша Мысырдағы келіссөздер сәтті өтіп жатыр. Апта аяғында Трамп та барып қатысуы мүмкін. Ал, Американың өзінде мемлекеттік қызметкерлер шатдаунның кесірінен жалақысын ала алмай жатыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Газа секторындағы соғыс аяқталуға жақын. Мысыр, Қатар мен Түркия делдалдығымен ХАМАС және Израиль алдын ала келісімге қол қойды. Тель-Авивте ХАМАС тұтқынында жатқан азаматтардың туыстары бөріктерін аспанға атып қуанып жатыр. Трамп та қуанышын жасырмады. АҚШ Президентінің айтуынша, соғыс келесі аптада тоқтатылады. Оған сәйкес, ХАМАС тұтқындарды босатып, Израиль әскерін кері шегіндіреді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мысырда біздің ең білікті дипломаттар жұмыс істеп жатыр. Толыққанды келісім апта аяғында дайын болады. Оған сәйкес, мен жексенбі күні барып қалуым мүмкін. Мен бүкіл Таяу Шығысты біріктірдім. Бай мемлекеттер де, кедей елдер де менің қол астымда жұмыс істеп жатыр.

Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы кешіктіріле бастады. Оған шатдаун кінәлі, яғни, Конгресстегі қос партия бюджет шығынын келісе алмай жатыр. Республикалықтар, әлбетте, демократтарды кінәлап жатыр. Трамп болса, уақытша заң қабылдап, жалақы проблемасын шешемін дейді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен жақын арада Конгресске қарауға заң жіберемін. Ол да қабылданбауы мүмкін. Себебі, демократтар бізге кедергі келтіріп жатыр. Адамдар енді солардың кесірінен зардап шеге бастады. Әлбетте, қазір, әскерилер бірінші орында. Олардың жалақысын еш кешіктірмейміз. Бірақ, қалғандарына қолдан келгенше көмектесеміз.

Трамп, Чикаго мэры мен Иллиноис штатының губернаторын түрмеге қамату керек дейді. Олар өңірге Ұлттық Ұланды кіргізуге қарсылық танытып отыр. Штат басшылығы Трампқа қарсы күні кеше сотқа шағымданған еді.