$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қоры Басқармасының отырысына қатысушылармен кездесу өткізді

10.10.2025ж. 12:20
Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қоры Басқармасының отырысына қатысушылармен кездесу өткізді
Фото: Үкімет

 

Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне баса мән береді және аталған ұйымды өңірдегі экологиялық сипаттағы мәселелерді шешудің, ұтымды және өзара тиімді трансшекаралық су пайдаланудың құралдарының бірі ретінде қарастырады, деп хабарлайды Astana TV.

Кездесуде Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында айтқан бастамалары шеңберінде талқыланды.

Олжас Бектенов өз сөзінде ХАҚҚ-қа қатысушы мемлекеттердің басшылары энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар су-энергетикалық ресурстарын пайдаланудың ұтымды тәсіліне басымдық беретінін атап өтті.

Осы жылдың вегетациялық кезеңі өте қиын өтті. Күрделі жағдайларға қарамастан, үкіметтердің сындарлы өзара іс-қимылы Арал теңізі бассейнінде тұрақты су режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Премьер-министр Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Үкіметтерінің басшыларына алғысын білдіріп, үйлестірілген жедел іс-қимылдар арқылы ғана елеулі шығындардың алдын алуға болатынын атап өтті.

«Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар, біз оны қашан да қорғауға міндеттіміз. Бірақ біздің ортақ стратегиялық, ұзақмерзімді басым мақсатымыз тату көршілік қарым-қатынас екеніне сенімдімін. Күнделікті, қысқамерзімді міндеттерді шешуде біз ұзақмерзімді басымдықтарға нұқсан келтірмеуіміз керек. Мәселелерді әрқашан өзара тиімді әрі қолайлы негізде шешу үшін бірлескен шаралар қабылдайтынымызға сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанның төрағалығы аясында жүргізілетін жұмыстың басым бағыттарының бірі – цифрлық трансформация және су саласында жасанды интеллектіні қолдану. ЖИ енгізу суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді және су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторинг жүргізудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығы да атап өтілді.

Кездесу барысында, сондай-ақ, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Түрікменстан ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев сөз сөйледі.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ашықтық, ынтымақтастық және сындарлы диалог қағидаттарына бейіл екенін нақтылады.