Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері сауда айналымының жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш Ұйымның сауда-экономикалық әлеуетін танытады және әлі де мүмкіндіктердің бар екенін байқатады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз. Инвестиция тарту, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдер енгізу және өңірлердің тең дәрежелі байланыстарын дамыту басымдықтардың қатарында болуға тиіс. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің тың мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз. Мұны келесі жылы сәуір айында БҰҰ аясында Астанада өтетін халықаралық форум алаңында ұйымдастыруға болады. Жиын қауіпсіздік пен дамудың қазіргі сын-қатерлерінің себеп-салдарын зерделеуге арналады. Осылайша, ТМД-ның жетекші сарапшылары қазіргі уақыттың қиын проблемаларын шешуге үлес қоса алар еді. 2026 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органына төрағалық етеді. Еліміздің төрағалығы аясында бірқатар маңызды іс-шара жоспарланған, соның ішінде Еуразиялық экономикалық форум ұйымдастырылмақ. Орайлы сәтті пайдаланып, құрметті әріптестерімді, сондай-ақ ТМД елдері үкіметтерінің мүшелері мен бизнес өкілдерін форум жұмысына белсенді қатысуға шақырамын. Аталған алаңда елдерімізге қатысты ортақ мәселелер қарастырылатынын ескере отырып, оған ЕАЭО мен ТМД-ның бірлескен іс-шарасы мәртебесін беруді қарастыруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.
– «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі ТМД мемлекеттері үшін Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» бастамасы мен Транскаспий бағдары Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасымен ұштасып, ТМД аумағын Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналдырады. Өңіріміздің транзиттік мүмкіндіктерін жақында ғана Қазақстан аумағында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол желісі күшейте түседі. Ол ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қалыптастырудың негізін қалайды. Бірақ мемлекеттеріміздің көлік саласындағы әлеуетін толық ашу үшін біздің алдымызда заманауи инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұр. Достастықтың бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды біріктіруге және көлік байланыстарының тұтас кеңістігін жасақтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол инвестиция көлемін арттыруға жағдай жасайды. Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Жүк ағынын тиімді басқару, шығындарды төмендету және тәуекелдерді азайту үшін бұл құжатты жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін ережелермен толықтыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қатынастар елдерімізді біріктіретін негізгі фактор екеніне назар аударды. Президент дәстүр мен инновацияны, тарихи мұра мен заманауи технологияны сабақтастыратын креативті индустрияны дамытудың болашағы зор деп есептейді.
– Қазақстан осы саланы дамыту бағытында жұмыс атқарып жатыр. Бүгінде креативті секторымыздағы қосылған құн 2 миллиард доллардан асады. Бұл индустрияда 143 мың адам жұмыс істейді. Креативті индустрия экономикамызға оң ықпал етуде. Ең маңыздысы, ол мәдени дипломатияның, елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтудың тиімді тетігіне айналды. ТМД елдерінің бұл бағыттағы әлеуеті зор. ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынамын. Оның басты мақсаты жас таланттарды қолдау, бірлескен жобаларды іске асыру, креативті экономиканың экожүйесін қалыптастыру болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.