$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ТМД елдері арасында сауда айналымы 110 миллиард долларға жетті

ТМД елдері арасында сауда айналымы 110 миллиард долларға жетті

ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бірлестіктің қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.

ТМД елдері арасындағы сауда қыза түсті! Былтыр тауар айналымы 110 миллиард долларға жеткен. Қазақстан да қарап қалмады. Соңғы бес жылда көрші елдермен алыс-беріс 1,5 есе өсіп, 38 миллиард долларға жуықтады. Бұл  тек сан емес, тиімді серіктестіктің жемісі деуге болады. Сауда-саттық бар жерде даму болатыны анық. Ал экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге әлеует те, мүмкіндік те жетерлік.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз.

Сауданы ілгерілету үшін алдымен жол керек. Нақтырақ айтсақ, көлік дәліздері. Өйткені ТМД елдері орналасқан аймақ Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір. Осыны ескерген Мемлекет басшысы ортақ цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама  жолдарды ғана емес, елдер арасындағы инфрақұрылымды, тіпті инвестицияны да арттыруға мүмкіндік береді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Жүк ағынын тиімді басқару, шығындарды төмендету және тәуекелдерді азайту үшін бұл құжатты жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін ережелермен толықтыру қажет.

Экологиялық қауіп, табиғи және техногендік апаттар ТМД елдерінің орнықты дамуына қатер төндіреді. Мұндай жағдайларды ерте анықтаудың, ескертудің тиімді тетіктерін қарастыру маңызды. Мемлекет басшысы төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Каспий теңізінің тез тартылып бара жатқаны зор алаңдаушылық туғызып отыр. Негізі, бұл – өңірлік қана емес, жаһандық проблема. Сондықтан біздің бастамамызбен әзірленіп жатқан Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаға қосылуды ұсынамыз.

Мәдени-гуманитарлық қатынастар ұйымға мүше мемлекеттерді біріктіретін негізгі фактор. Дәстүр мен инновацияны, тарихи мұра мен заманауи технологияны сабақтастыратын креативті индустрияны дамытудың болашағы зор. Қазақстан да қарап қалмай, осы секторды ілгерілетуге ерекше ден қойып отыр. Саладағы қосылған құн 2 млрд доллардан асады. Ал креативтің құлағын ұстағандар саны 143 мыңға жақындады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

ТМД елдерінің бұл бағыттағы әлеуеті зор. ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынамын. Оның басты мақсаты жас таланттарды қолдау, бірлескен жобаларды іске асыру, креативті экономиканың экожүйесін қалыптастыру болуы қажет.

«Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру». Осылай деген Мемлекет басшысы бірлескен күш-жігердің арқасында ұйымды қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық бірлестік ретінде нығайтуға болатынына сенімді екенін жеткізді. Сөз соңында    Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі жылы Ұйымға Түрікменстанның төрағалық ету жөніндегі шешіміне қолдау білдірді.