Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Энергетика министрлігі Парламент Мәжілісімен бірлесіп Ақтау қаласында ұйымдастырған Мұнай-газ машина жасау форумында сөз сөйледі. Жиында спикер ірі мұнай-газ компанияларын қазақстандық өндірушілерді қолдауды күшейтуге шақырды. Тәуелсіздік жылдары еліміз жаһандық мұнай нарығындағы жетекші елдердің біріне айналды. Шетелдік белді компаниялармен бірлесіп ірі жобалды іске асырудың арқасында жоғары білікті инженерлер мен техниктер даярланды. Ерлан Қошанов енді Қазақстанның алдында жаңа стратегиялық міндет тұрғанын айтты. Ол – ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылту. Осы орайда, мұнай-газ секторы ерекше рөл атқаруы тиіс деді. Былтыр энергетика секторында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы қызмет пен тауар сатып алу көлемі 6 триллион теңгеден асқан. Бұл - Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Алдымызда Қазақстанды индустриялық қуатты мемлекетке айналдыру міндеті тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше назарында. Осы жолда Парламент заңнамалық тұрғыда қолдауды жалғастыра береді. Үкімет жұмысты сапалы ұйымдастырып, бизнес өз өнімін халықаралық стандарттарға сай бәсекеге қабілетті етуге ұмтылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстанның экономикалық дербестігі нығаяды, халқымыздың әл-ауқаты жақсарады.