Түркістан облысы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша республикада алдынғы қатарда келеді. Аймақта 8 айда агроөнеркәсіп кешеніне 121 млрд. инвестиция тартылған. Өңір экономикада, инвестиция тартуда және әлеуметтік салаларда да елеулі табыстарға қол жеткізіп отыр.
Түркістан облысы- инвестиция тарту бойынша тұрақты түрде республикадағы алғашқы үштіктің қатарына кіретін өңір. Өңірде соңғы бірнеше жылда инвесторлардың қаржысына ірілі –ұсақты 50 жоба іске асып, 2 600 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 20 индустриалды аймақ бар. Биыл ондағы кәсіпорындар 12 млрд теңгенің өнімін шығарды. Соның бірі -Ордабасы ауданының «Бадам» индустриалды аймағындағы ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт. Өзбекстандық инвестордың қаражатына салынған кәсіпорын жылына екі мың тракторға дейін құрастырады.
ЖАНСАЯ БАЗАРБЕКОВА, ТРАКТОР ЗАУЫТЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Қазіргі таңда бізде jps планировщик, сонымен қатар тек қана техниканың трактордың өзін ғана жасау емес, кундарын жасаймыз. Біз стекло шығарып жатырмыз техникаға тіркейтін, одан кейін екі техникамыз біздің параллель сатылуда. Ауылшаруашылықта бүкіл қызметті атқара береді.
Облыс ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша Қазақстанда көш бастап тұр. Мұнда мақта, жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдары өсіріліп, тіпті өсімдік майына дейін өңделеді. Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері.
ӘЛІБЕК БІЛӘЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
144 500 гектарға мақта дақылы егілді. Оның 50 мың гектары яғни су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, жаңа технологияларды пайдалана отырып мақта дақылы егілді. Бұл өз кезегінде суды 2 есе үнемдей отырып, өнімділікті 2-2,5 есеге дейін артық өнім алуға мүмкіндіктері бар.
Өңірде 25 мақта өңдеу зауыты бар. Ақ алтынды шикізат күйінде ғана шетел асырмай, оны терең өңдеу жағы қолға алынып жатыр. Аймақта білім мен денсаулық сақтау саласында да жаңалық көп. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 13 мектеп пайдалануға берілді, 16 нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ал облыстық бюджеттен 13 мектеп салынса, тағы 8-і есігін айқара ашады. Білім беру ұйымдары 100% кең жолақты интернетке қосылған.
Туризм саласының экономикалық әлеуетін арттыру бағытында да нақты нәтиже бар. 11 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.