"112" операторының пультіне хабарлама келіп түсті: Павлодар облысының Ақсу қаласында жер жұмыстарын жүргізу кезінде ер адамның үстіне құм құлап кеткен.
Оқиға орнына құтқарушылар дереу шықты. Анықталғандай, Промышленная көшесінде орналасқан ЖШС-нің бірінің аумағында жер қазу жұмыстары кезінде топырақ құлаған, нәтижесінде 1998 жылы туған ер адам үйінді астында қалып қойған.
Құтқарушылар су құбыры құдығындағы пайда болған кішкене ойық арқылы зардап шегушіге арнайы жабдықтың көмегімен оттегін жедел берді. Сонымен қатар, оны жер астынан босату бойынша құтқару жұмыстары жүргізілді.
Сәтті аяқталған құтқару операциясынан кейін ер адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.