13–17 қазан аралығында Өзбекстан Республикасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Өзбекстан Республикасының салалық ведомствосының қолдауымен Қазақстанның медицина күндері өтеді,-деп хабарлайды Astana.tv.
Іс-шараның мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, озық тәжірибе алмасу және қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктерін көрсету болып табылады.
Елдің жетекші ғылыми-медициналық орталықтарының дәрігерлер бригадалары – Ұлттық нейрохирургия орталығы, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу орталығы, Ұлттық онкология орталығы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Травматология және ортопедия Ұлттық ғылыми орталығы, сондай-ақ UMC корпоративтік қорының клиникалары – Бұхара, Нүкіс, Самарқанд, Ферғана және Ташкент қалаларына барып, кеңес беру, күрделі интервенциялық ем-шаралар жүргізу, заманауи диагностикалық және емдеу әдістемелерін тәжірибеде қолдану бойынша тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізеді.
Медицина күндерінің бағдарламасына заманауи нейрохирургиялық операциялар өткізу бойынша бірегей технологиялар мен шеберлік сыныптары, жүктілікті жүргізудің инновациялық тәсілдері, жаңа туған сәбилердің жағдайын бағалау әдістері, балалар онкологиясы мен генетикасы бойынша кеңестер, туа біткен ақаулары бар балаларға жасалатын имплантация операциялары, сондай-ақ трансплантология, онкология, акушерлік және гинекология, кардиохирургия салаларындағы интервенциялар кіреді.
Делегация құрамына кардиологтар, онкологтар, хирургтар, радиологтар, анестезиолог-реаниматологтар және интервенциялық ем-шаралар бойынша мамандар енді.
«Қазақстанның медицина күндерін өткізу — бұл жай ғана тәжірибе алмасу емес. Бұл біздің дәрігерлердің кәсібилігі мен технологиялық мүмкіндіктерін көрсететін нақты мысал. Мұндай бастамалар ғылыми және клиникалық әлеуетті біріктіруге, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және Орталық Азияда ортақ медициналық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді»,— деп Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атап өтті.
Іс-шара барысында денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, қашықтан оқыту, телемедицина және бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Медициналық іс-шаралардың қорытындысы бойынша екі елдің медициналық ұйымдары мен ғылыми институттары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою, сондай-ақ ғылым, білім және клиникалық тәжірибе салаларындағы бірлескен жобалардың жол картасын әзірлеу жоспарлануда.