Бүгін елордада 150 мыңнан астам тұрғын жалпы қалалық сенбілікке шықты,-деп хабарлайды ASTANA.TV.
Қала әкімдігінің ақпараиынша, шара барысында қала аумағында 11 мыңнан астам ағаш егіліп, 20 мыңнан астам аула мен 100-ден астам саябақ тазартылды.
Сондай-ақ экологиялық акция аясында Мемлекет басшысы волонтерлермен және экобелсенділермен бірге елордалық Ботаникалық бақ аумағына ағаш егуге қатысты. Барлығы 150 ағаш егілді, олардың қатарында емен, алма және тораңғы бар.
Тораңғы ағашы Астанада алғаш рет осы акция барысында егілді. Бұл ағаштың ерекшелігі – күннің суығы мен ыстығына төзімді
Тарихшылардың айтуынша, 1930-жылдардағы ашаршылық кезінде дәл осы тораңғы талай адамның өмірін сақтап қалған. Халық оның қабығы мен тамырын тағамға пайдаланған, ал діңіндегі қуысқа азық-түлік сақтаған — себебі бұл ағашқа жәндіктер мен зиянкестер жоламайды.
Бүгінде тораңғы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, елдің табиғи және тарихи мұрасы ретінде ерекше қорғауға алынған.