$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Элизабет Олимпиадаға дайын. Бірақ елде мәнерлеп сырғанау спортының дамитын түрі жоқ...

AstanaTV
02.12.2017ж. 20:00
7663
Элизабет Олимпиадаға дайын. Бірақ елде мәнерлеп сырғанау спортының дамитын түрі жоқ...

Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, мәнерлеп сырғанаудан еліміздің 4 дүркін чемпионы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева жақында Францияда өткен Гран-придің кезекті кезеңінде 5 орын алды. Өзінен басқа Ресей, Канада, Жапония, Германия, Франция, АҚШ-тан 10 спортшы қатысқан турнирде Элизабет тамаша - 200.98 балл жинады. Жалпы, ұлттық құрамада жүрген 4 жылда ол 34 жарысқа түскен. 14-де жеңімпаз болған. Қазір ол әлемдік рейтингте 8-орында. Лиза биыл алдағы қысқы Олимпиадаға 2 тікелей лицензия жеңіп алды. 

Ал осы, әдемі, шексіз эстетикалық ләззат сыйлайтын спорт түріне қызығушылық жоғары болғанымен, елімізде мәнерлеп сырғанаумен айналысуға мүмкіндік шамалы. Мүмкіндік көптеу дейтін Алматыда бір мұзда 20 бала жаттығады. Ата-аналар баласының жаттығуын, мұз айдынның жалға алу құнын көтере алмайды. Қазір мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып жүрген екі-ақ спортшы бар. 2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен және сөз етіп отырған, 2016 жылғы жасөспірімдер олимпиадасында қола жүлде алған Элизабет Тұрсынбаева. Тен - АҚШ-та, Тұрсынбаева Канадада жаттығады.

Элизабет пен әкесі Байтақ сағаттары санаулы болса да, біздің тілшімізбен кездесуге уақыт тапты. Айтқандарын Диана Сапарқызы әңгімелеп береді.

Мәнерлеп сырғанауды тамашалаған, ол бір эстетикалық ләззат алып, демалу. Көздің жауын алатын түрлі костюмдер. Мәнерлі де, кербез сырғанаудан көзіңді алмай қарап отырасың.  Ал спортшылар жеңіске, әрине, оңайшылықпен жетпейді. Жалтыраған мұзда жарқыраған номер көрсетуге  әркімнің шамасы келе бермейді. Биік шыңнан көрінем деушілерге ең алдымен мықты бапкер қажет. Ал мықты бапкерлер спортшылардың өздері айтпақшы, тек шетелде. Жаттығу үшін мұз айдынын жалға алу, әсем де, келісті тігілген костюмдер тағы бар. Тіпті сол баспалдақтардан өтіп кеткен Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, мәнерлеп сырғанаудан еліміздің 4 дүркін чемпионы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның өзі де сөйдейді.

Элизабет Тұрсынбаева,  Халықаралық деңгейдегі спорт шебері:

Бұл жақта тренерді жалдау қанша екенін білмеймін. Бір білетінім, Канадада тренер жалдау өте қымбат.

Ал неге сол аталған кәсіби бапкерді осы жерде жалдамасқа?!  Қазақ халқының  мәнерлеп сырғанаудан шыққан ең алғаш ханшайымы неге отанында жаттықпағанын былай деп түсіндіріп отыр:

Элизабет Тұрсынбаева,  Халықаралық деңгейдегі спорт шебері:

Қазақстанды мәнерлеп сырғанау спорт түріне аса мән беретін мемлекет дей алмаймын. Бұл жерде мамандар тапшы. Бұл жерде тіпті мәнерлеп сырғанаудан федерация да жоқ. Мысалы, Ресей, Канада - ол жақтарда мәнерлеп сырғанау өте қатты дамыған. Ал біздің елге келсек, аздап дамып келеді. Бұл жерде ел теледидардан көріп, балаларын үйірмелерге беріп жатады. Бірақ жетістікке жету үшін, шетелге кетеді.

Еліміздің  «алтын қызының» әкесі Элизабетпен бірге жер-жүзін шарлап жүргендіктен, шетелдік бапкерлер мен отандық бапкерлердің арасы жер мен көктей деп, жергілікті тренерлерде тәжірибенің жетіспейтінін ашық айтып отыр.

Байтақ Тұрсынбаев, Элизабеттің әкесі:

Бізде бапкерлер бар, жоқ деп айта алмаймыз. Бәрі бұрынғы ана советский школаны өткен жақсы бапкерлер де бар, бізде. Бірақ бізде кішкене опыт жетіспейді. Бұрындары бізде балар болған жоқ дүниежүзіне шығып жүрген. Бірақ осында қолдаған соң, сөйлескен соң, еліміздің атын шығарайық, көрейік, еліміз жас әлі, -деп шындық осы, патриоттық сезіммен келдік.

Байтақ аға түрлі халықаралық сайыстарда қазақстандық жанкүйерлердің аз болатынына да іші ашиды. Себебі трибунадан рух беріп, екінші жағынан, намысты қайрау – спортшы үшін өте маңызды. Сонымен бірге «сойылды соғатын» делегация да мықты болуы керек. 

Байтақ Тұрсынбаев, Элизабеттің әкесі:

Қазір күміс қола алтын деп бөленбейді, Элизабеттің мынадай техникалық  бағалары өте жоғары. Бізде федерациямыз кішкене слабый былайынан, көрдіңіз бе. Біз бір жарыстарға барсақ, жасыратыны жоқ, мысалы, Жапония, Россия, Канада, Америка олардың арттарында целый делегация болып келеді. 10 адам ба, 20 адам ба,ал біз 3-4 адам болып барамыз. Біз өзіміздің жұмысымызды істейміз де, шығамыз. Ол жерде елдің политикасы болу керек...Құдайға шүкір жаймен келе жатыр. Бірақ кішкене опыт керек.

Біздің елде мәнерлеп сырғанаудан жеке федерация болмаса да, Ұлттық коньки тебу федерациясы бар. Мәнерлеп сырғанау сол федерацияның құрамында. Ал әңгіме тағы сол, қаржыға барып тіреледі. Мысалы, жасөспірім фигуристерге олипиадалық шығындар төленбейді. Оны айтасыз, құрама команданың көшбасшыларына да шығындарын жартылай ғана өтеп береді екен.

Надежда Панфильева, мәнерлеп сырғанаудан мемлекеттік бапкер:

Әрине, федерация барлық спортшыларға  барлық шығынды өтеп бере алмайды. Ол біздің құраманың көшбасшыларына жауап береді. Яғни, көшбасындағы спортшыларға  шығындарды жартылай төлеп беруге көмектеседі. Оның ішінде іс-сапардың жолы, хореографқа, мұз айдынын жалға алу шығындары бар. Костюмдердің  жартылай ақшасын төлеп береді. Бірақ жасөспірімдерге барлық шығындарын өз қалталарынан төлеуге тура келеді. Яғни, ата-аналарының мойынында. Біз түрлі демеушілер табуға тырысып отырмыз.

Әзірге қола жүлделі болса да, еліміз үшін «алтын қыз» болып отырған Элизабет, спортта талант емес, талап жеңеді, ал одан кейін сол талпынысты байқап, барынша қолдаған ата-ананың демеуі - басты дүние!- деп әңгімесін түйді.

Элизабет Тұрсынбаева, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері:

Ең бастысы ерінбеу керек. Дарын бір басқа, адамда талпыныс болу қажет. Әрине бұл жерде ең бастысы - ата-ананың демеуі. Олар бастапқыда барлық шығынды түгелмен көтеріп жүрді. Ресейдің мәнерлеп сырғанауға арналған мектебі алғашында мені алмай, шығарып жіберген. Анамның қайтпас мінезінің арқасында қазір осы жетістікке жетіп отырмын.

Диана Сапарқызы, тілші:

Мəнерлеп сырғанау - өте қымбат спорт түрлерінің бірі. Бапкер мамандардың айтуынша, мемлекет тек əлемдік жарыста нәтиже көрсеткендерге қаржы бөледі. Ал осындай - эстетикалық ләззат сыйлайтын спорт бойынша биік белестерді бағындырғандар әзірге саусақпен санарлық. Әдемі сырғанауға жетудің жолы өте күрделі, мәселенің көбі қаржыға келіп тірелгендіктен талапкерлердің көбі мұзда орта жолдан «тайып кетеді»...

Бірақ Элизабет тайып кететіндердің қатарынан емес. Оны әлдеқашан дәлелдеп қойған. Алдағы Олимпиадаға да тас-түйін дайын.

Диана Сапарқызы «Біздің уақыт».