$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Асық ойнаған азбайды! Павлодарда «Асық-party» жанданған!

AstanaTV
02.12.2017ж. 20:00
6140
 Асық ойнаған азбайды! Павлодарда «Асық-party» жанданған!

Асық ойыны баланы дәлдікке, талаптану мен сабырға тәрбиелейді. Мамандар тіпті жүйке жүйесінде проблема бар балаға әр күні бір сағаттан асық ойнатса, оң әсер ететінін, кей жағдайда ауруынан айығатынын айтады. Асық ойнағанда адамның тек қолы емес, иығы, аяғы, барлық бұлшық еті қимылдайды. Мидың жұмыс істейтіні өз алдына. Бұл ойынды ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді, екінші жағынан, топтан озып шығу қабілетін арттырады. Яғни баланы бәсекелестікке же­телеп, та­лап­тануға тәрбиелейді.

Кү­нде компьютер/смартфон құшақтап, қытырлықтар мен тәтті жеп, толып бара жатқан балалар да, ересектер де бір мезгіл асық ойнаса, құ­рыш­тай шынығатындары сөзсіз. 

Асықтың алшысынан түсу дегеннің не екенін және асығының  алшысынан түсуі үшін не істеу керектігін біліп өсетін бала керек, бізге! Журналист Жұмабек Сманов бастаған «Асық-party» -дің Павлодарда кәдімгідей «хан-талапай» жасағаны жайлы  Әсемгүл Мұхитқызы. 

ФБ парақшасынан алынған:

- Мен Алпысбайұлы Ибрахим. Асық ойнауға асығамыз достар! 

Өстіп әлеуметтік желідебасталған «Асық-party» маңызды бастамаларға түрткі болды. Акцияның авторы журналист Жұмабек Сманов анасы мен ұлының асық ойнап отырған суретін ғаламторға жүктейді. Сөйтіп бір топ әріптесін эстафетаны жалғастыруға шақырған. Қуантарлығы, ағаның бастамасын іліп әкеткендер көп. Тілшілер қауымымен қоса, өнер майталмандары, ақындар, тіпті мемлекеттік қызмет өкілдері де белсенділік танытқан.

Жұмабек Сманов, «Асық-party» бастамасының авторы:

Асфальтта туған бала деген бір қалыптасып қалған дүние бар гой. Соларға асықтың не екенін, оның маңыздылығын, тәрбиесін, асық деген біреулер ойлайтын шығар қу сүйек деп. Шындығында бұл баланың моторикасын дамытуға,түрлі-түсті бояуларды жасап, түс айыруға, тіпті бұл жаттығу ғой, еңкейіп, тұрады, қолдың ебін келтіреді деген сияқты.

Ғаламтордың пәрмені күшті ғой, санаулы күндерде «Асық-party» вертуалдық әлемнің шеңберін бұзып, әр үйдің төріне келді. Ең бастысы, «әп» дегеннен мектепке дейінгі мекемелер үн қосты. Бастамашыл топтың ақпарынша, қазірде Павлодардың оншақты балабақшасында арнайы шара өткізілген. Бірнеше аудан қолдаған. Өткізем деушілер әлі де көп. Мәселен, Алматы, Астана, Көкшетеу, Семей қалалары, тіпті Ресейдің Новосібір мен Монғолияның Баян Өлгий өлкесінен хабарласып, қолдағандар да табылған. 

Бұл - жергілікті басылым мен облыстық телеарна тілшілерінің жолдастық кездесуі. Қаламының ұшы мен жазарының күшіне сенген жігіттер «Асық-party-де» икемділік, ептілік, сабырлық пен мергендік бойынша сынға түсті. Нысананы дәл атып жатқандары шамалы. Десе де, ұлттық ойын арқылы жоғалтқанымызды тапқандай, бала күнгі алаңсыз сәтке оралғандай болдық деп, мәз. 

Есенбек Санатұлы, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасының тілшісі:

Көптен бері ойнамағандықтан қол икемге келмей жатыр. Бұл енді саусақтың бүгілу керек, иілу керек дегендей. Сол жағынан асықты иірген сәтте қатып қалған саусақтар, әбден клавиатураға отырып қалған саусақтар. Сондықтан сол жағынан қиындау болып жатыр.

Асық ойының нақты қай уақытта пайда болғаны туралы ақпарат аз. Кейбір деректерде қазақтың ұлттық ойындарының жалпы қалыптасу дәуірі біздің заманымызға дейінгі VII-IX ғасырлар деп айтылған. Бірақ ғалымдар оның көшпелі халықтың болмысымен біте-қайнасып жатқанын ескеріп, дәл «осы кезеңге тиесілі» деп шегелеп айтудан аулақ. Десе де, асық - ұлттық спорт ойындарының бірегейі. Ойын ғана емес-ау, ол тәрбие берудің бірден бір құралы. Алыстан болжап, астарлап, бірақ соншалықты дәл жеткізетін бабаларымыз асық ойынына да өзіндік философияны тоғыстырған. 

Серік Елікбай, филология ғылымдарының кандидаты:

Лақтырған кезде өмірдің өзі кейде алшы, кейде тәйкісімен түсетінін ұғады. Демек, өмірдің өзі ылғи да алшысынан түспейді, ылғи да жақсылықтан тұрмайды, кейде омпа да, кейде шік те түсуі мүмкін. Бала осы арқылы алшы түскенде аса мақтанбай, тәйкі түскенде аса жүдемей өмірдің алғашқы сабақтарын алады. Кімнің болсын да, қай уақытта болмасын, қандай жанның болмасын жинаған дүниесі бір уақытта сол жақпай қалған кезде хан талапай деп өздері талап әкетеді. Хан талапай болатындығы бұл дүниенің қолда тұрмайтындығын көрсететін дүние.

- Мысалы, асықты пергенде мына жерімен асыққа тию керек. Былай келіп тию керек. Тигенде мына асық кетеді, ал мынау айналып ішінде қалып қояды.

№35 орта мектепте асық үйірмесінің ашылғанына бірнеше жыл. Әйтсе де әсіресе соңғы екі айда оқушылар бұл іске білек сыбана кіріскен. Оған себеп – қалада асық атудан турнир жарияланды. Енді жарысқа қатысуға ниеттенген әр бала асық ойынын бүге-шігесіне дейін меңгеріп алуға жанын салып-ақ жатыр.

Мағжан Қайролла, №35 мектептің оқушысы:

Алыстан дәлдегенде оңай болған жоқ. Дәл бір атқаннан тие салмайды ғой. Ақырындап үйрендім. Арасында тиеді. Ал, шертуді сосын өсе келе үйреніп алдым да, шерту оңай ғой, отырасың да, ала бересің асықты шертіп-шертіп.

Алыстан көздеп ату, шерту, ыңғайына қарай иіре білу. Міне, асық ойынындағы бірнеше талап. Бұларды игеріп алғанмен «сақаң» дұрыс болмаса, еңбегің еш кетеді. -Ебіңе келетін, қолайлы сақаны табу оңай емес,-дейді Мағжан.

Мағжан Қайролла, №35 мектептің оқушысы:

Мына асық пен мына асықтың қандай айырмашылығы бар?-Мынаны сақа дейді. Өйткені, сақа үлкен болады асықтан. Бұлар қойдан алынады, ұсақ малдан. Ал, сақа үлкен мал, қошқардікі. Олардікі үлкен болады,асығы.

Асық атудан қалалық турнирге 12 мектептің командасы қатысты. Оның ішінен іріктеліп шыққан алты топ ақтық жарыста кездесті. Шара асық ойынын жасөспірімдер арасында кеңінен дәріптеп, дамытуды, бұқаралық сипатын арттыруды көздейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолғы сайыстың ережесі күрделірек. Талабы да жоғары. Үміткерлер үйреншікті шеңберде емес, шаршы алаңда ойнады. Жақсы ойын көрсетіп қана қоймай, бұл жерде тәртіпке бағына білу маңызды. Алдымен дәлдік, мергендік, одан кейінгі сатыда икемділік пен ептілік сыналды. Ойын барысында баланың қаншалықты терең ойлай алатын қабілеті де көрінеді. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Телефонға телміріп, компьютерден көз алмайтын заман билеп тұр, қазір. Шындап келгенде, бұл сіз бен біздің өмірімізге параллель жүріп жатқанбөлек ғалам. Өкініштісі, соңғы уақытта сол вертуальді әлемнің пәрмені күшейгендей. Бұл енді тағы бір сюжетіміздің тақырыбы болар. Айтпағым, асық ойыны «зомбиге» айналуға шақ қалған бүгінгі буынның таппай іздеп жүрген құтқарушысы сияқты. Бірегей бастамада асығымыз алшысынан түссін деп тілейік!

Әсемгүл Мұхитқызы «Біздің Уақыт».