$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ішкі істер министрі мен депутаттар нені бөлісе алай жүр?

13.10.2025ж. 19:00
Ішкі істер министрі мен депутаттар нені бөлісе алай жүр?

Ішкі істер министрі мен депутаттар сөзге келді. Жағалыны жағадан алған халық қалаулылары саладағы былықтың бәрін бетке басты. Ведомствода жемқорлық көп. Жыл сайын милиардтап ақша бөлінсе де, нәтиже жоқ дейді. Ал, антына адал бола алмаған полицейлер басқа түгілі, депутаттың жоғалған телефонын тауып бере алмай жүр. Құқық қорғау саласындағы құйтырқы әрекеттер туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әдетте Мәжіліс мінберінде өтетін Үкімет сағаты бүгін ғайыптан тайып Ішкі Істер министрлігінің қабырғасында болды. Бұрын министрлер депутаттардың алдына келіп, терлегенше есеп беретін. Ал бұл жолы құқық қорғау органының қонақжайлылығы оянып, халық қалаулылары мен суқаны сүймейтін журналистерді өз алаңдарына жинады. Қысқасы, депутаттар - қонақ, ал Ішкі істерліктер - үй иесі.

Депутаттар қабағын қарс жауып, үй иесінің мазасын әбден алды. Тілі өткір, пікірі ащы халық қалаулылары “қонақ қотыр болса да, тыныш отырсын” дегенді бұл жолы ескермеді. Көбіне сұрақтан сытылып құтылатын құқық қорғау органдары ақыры қолымызға түсті ме деп, сауалды жаңбырша жаудырды. Тіпті, “қожайындарға” қалай сөйлеп, қалай отыруға дейін басынан үйретті.

Қоғамның тыныштығын сақтайды деген салаға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Үкімет білім, ғылым мен денсаулықтың аузынан жырып, бар ақшаны құқық қорғау органына тосады. Берген теңгесіне сай қызмет етсе мейлі ғой, нәтиже көңіл көншітпейді. Балалар арасында қылмыс көбейді, жол-көлік оқиғасы жиіледі, тағысын тағы... Сөйте тұру, жемқорлыққа жол береді. Әрбір бесінші министрлік қызметкерінің қолының сұғанағы бар дейді депутаттар.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бақытжан Базарбек 6 бірдей деректі келтірді. Сіз кейбір деректі 2016-18 жылдары болған деп өз жауапкершілігіңізден ысырғыңыз келеді.

Сәденов салаға келгенде басқа басқа сатқындықты кешірмеймін деп еді. Жемқорлыққа жем болғандардың жегенін желкесінен шығарамсыз деп желпінгені әлі есте. Алайда екі сөйлемеймін деген министрдің бұл уәдесі қашан орындалары белгісіз.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Біз бөтен жерден келген жоқпыз. Біздің табиғатымызда қашу деген жоқ. Біреуге сілтеу деген жоқ. Жақын таныс болмаған соң, білмейсіз.

Министрлік «1,5 млн камерамыз бар, қылмыстың 58 проценті ашылды» деп мақтан салады. Бірақ қарапайым жоғалған затты  таба алмайтынын ойласаң, мына құрғақ статистика күлкіңді келтіреді дейді халық қалаулылары.  Басқаны айтпағанда, депутат Самат Нұртаза 1,5 жылдан бері телефонын таба алмай келеді. Полицейлер әне дейді, міне дейді, әйтеуір сылтауы бітпейді. Есесіне, енді бастықтары іске араласатын болды. Уәде берді.

Сарбаздар арасындағы әлімжеттік, тіпті, өршіп тұр. Баласы әскерде жүрген депутат бұл мәселеге жай депутат ретінде емес, ана ретінде бей-жай қарамауды өтініп сұрады. Ал, Қорғаныс министрлігінің өкілі, әдеттегідей, сауалға тиіп-қашып жауап берді.

ШАЙХ-ХАСАН ЖАЗЫҚБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әскери психологтар біліктілігін арттыру курстарынан өтуде. Психикалық денсаулық орталықтарының мүмкіндігін толық пайдалану бағытында шаралар қабылданып жатыр.

Жыл басынан бері елімізде 88 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген.  Бұл былтырмен салыстырғанда 6 мыңға аз. Құқық бұзушылықтардың 30 пайызы мас күйде жасалған. Сол үшін енді көңіл көтеру орындарында ішімдік сатуға шектеу енуі мүмкін. Министрлік нашақорлықпен де аянбай күресіп жатыр.  26 тонна есірткі тәркіленген. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын сандар расында әдемі. Бірақ...Сандар сөйлейді, ал депутаттар күдіктенеді. Статистиканы сайратамыз деп, өтіріктің өрнегіне шалынбасақ болғаны.