Қызылорда облысында соңғы 3 жылда аймақ бюджетінен 100 млрд теңге үнемделген. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Жалпы аймақта әрбір тиынды тиімді жұмсауға бетбұрыс жасалған. Басқосуда саладағы жаңартылған заңнама талаптары да талқыланды.
Мемлекет басшысы ел бюджетін ұтымды жоспарлау және тиімді игеруді қатаң тапсырған болатын. Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты да осы. Мамандардың айтуынша, жаңа заңнама өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейтіп, халық үшін әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
СҰЛТАНБЕК МӘКЕЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЖӘНЕ БЮДЖЕТ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бюджет заңнамасын қайта жаңалаудың негізгі мақсаты мемлекеттік қаржыны басқаруды жетілдіру, бюджет процесін оңтайландыру және бюджет қаражатының тиімділігін арттыру қажеттілігіне негізделген болатын. Сондықтанда бюджетті атқару мен қалыптастырудың жаңа тәсілдерін өздеріңізбен талқылау үшін келіп отырмыз.
Аймақта бюджет қаражатын үнемдеу жүйелі жолға қойылған.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Білім саласынан 58 млрд 600 млн теңге, Артспорт бағдарламасынан 13 млрд 100 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңге үнемделіп бюджет қазынасында қалды. Жаңадан жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге демеушілер есебінен 7 млрд теңге бөлініп, бюджет қаражаты үнемделді.
Сонымен бірге, 7 ауданда Руханият орталықтары салынып, бірнеше мекеме сонда біріктіліген. Бұл ғимаратты ұстап тұру шығынын қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бірнеше білім ордасына қосымша ғимарат салып, жаңа мектеп салуға қажеттіліктің алдын алған. Бұл шаралар нәтижесінде бюджет қаржысы 13 млрд 100 млн теңгеге үнемделді.
Жиынға қатысушылар бюджетті іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді, қолданыстағы трансферттік тетіктерді талқылады.