$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Автобуссыз қалған саяжай тұрғындары әкімдіктен көмек сұрады

AstanaTV
13.10.2025ж. 19:00
Автобуссыз қалған саяжай тұрғындары әкімдіктен көмек сұрады

Ақтөбе іргесіндегі «Қисық көл» бау-бақша ұжымының тұрғындары  жол азабын тартып отыр. Мыңға жуық адам тұратын саяжайға қатынайтын №33 автобус жылда қазан айының басында тоқтайды. Ал таксидің бағасы аспандап кетеді, жаяу жүру қауіпті.

«Қисық көл» саяжайының тұрғындары балалары үшін алаңдайды. Жақында белгісіз ер адам оқушы қызды қуып, олардың үрейін күшейте түсті.Тұрғындар  ең болмаса таңертең және кешкі уақытта бір автобус қатынаса дейді.

АЙДАНА ОРЫНБАСАРОВА, ТҰРҒЫН:

Маскүнем, нашақорлар көп. Ит көп. Сондай қауіптер төніп тұр студент балаларымызға. Жақында осындай бір оқиға болған. Бір екі қызға бір үлкен ересек адам тиіскен.

МАРИЯ ОРЫНҒАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Балалар бар, жастар жұмысқа барады. Бәріне автобус керек сегізден. Хотя бы 8-9-10 да таңертең және кешке болса жарайды.

Ал әкімдік өкілдері №33 бағыттың жұмыс уақыты тек жаз мезгілімен шектелетінін айтады.

ЖАНСЕН МАСАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Маршрут бізде бағбандық деп аталады. Яғни ол мерзімдік маршрут. Сәуір айының 15 нен қазан айының 15 не шейін қызмет етеді. Ал аталған мәселе бойынша бір жыл бойы жүргізу мәселесі қазіргі таңда мүмкіндік жоқ. Өйткені ол бағбандық маршрут болғаннан кейін келісімшартқа сәйкес тек қана осы көрсетілген уақытта ғана қызмет көрсетеді.

Алайда ол басқа бағыттар «Қисық көлге» кірмейді. Сондықтан тұрғындар үшін қыс-нағыз сын. Таңғы аязда, кешкі қараңғыда қалаға қатынау биыл да оңай болмайын деп тұр. 54 елдімекенде осындай мәселе бар екенін айтқан әкімдік өкілдері «Қисық көл» бағыты жақын арада шешімін табуы екіталай екенін  жасырмайды.