$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп: «Осыдан кейін Украинадағы соғысты тоқтатамын»

Трамп: «Осыдан кейін Украинадағы соғысты тоқтатамын»

ХАМАС тірі тұтқындарды Израильге қайтарды. Трамп арнайы Израильге барып, жергілікті Парламент алдында сөз сөйлеген 4-і АҚШ Президенті атанып отыр. Бірақ, Кнесеттің бір депутаты дәл ортаға шығып, Трампты балағаттай жөнелді. Францияда саяси дағдарыс толастамай жатыр. Макрон көпшілік алдында қызметінен кеткен Үкімет басшысын қайтарып алды. Ал, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында тағы атыс болды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Израильге барып, соғысты тоқтатты. Бұл күн Таяу Шығыс тарихындағы ең жарқын сәтке айналады. Дональд Трамп осылай деді. Газа секторындағы соғысты тоқтату үшін АҚШ Президенті  арнайы барып, Кенесетте сөз сөйледі. Жиын аяқтала сала, Мысырдағы Шарм Эль-Шейхтегі бейбіт саммитке қатысады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

20 тұтқын отбасыларымен қауышып, 28-і жер қойнауына табысталады. Осы соғысты бейбіт келісіммен тоқтатқанымыз өте қуанышты. Мен үшін зор мәртебе. Әлбетте, менен басқа осы шаруаны ешкім тындыра алмас еді. Енді өз күшімді де, бар қызметкерлерімді де Украинадағы соғысты тоқтатуға жұмылдырамын.

Әлбетте, АҚШ Президентінің ешбір ресми шарасы тыныш өтпеген. Бұл жолы да қызық болды. Трамп сөйлеп тұрған кезде, депутат – Аймен Одех Палестинаны мойындаңдар деп ортаға атып шықты. Бірақ, күзетшілер оны дереу залдан шығарып жіберді.

Нобель сыйлығын түбі аласың. Еш мойыма. Израиль Премьер-министрі Трампқа осылай деді. Израиль Парламенті келесі жылғы Нобель сыйлығына қайта ұсынбақ. Себебі, АҚШ Президентінің арқасында тұтқындарымыз елге оралды дейді.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл қуаныш пен бақыт күні. Екіншіден, қаза болған отандастарымызды еске алып қайғыру күні. Қалай болғанда да осы зұлмат аяқталды. АҚШ Президентінің арқасында екі жылға созылған сұмдық тоқтатылып, қайта қауышып жатырмыз. Қуанышымыз ұзағынан болғай!

Францияда саяси дағдарыс тоқтамай жатыр. Отставкаға кеткен министрлер кабинетін Президент Макрон қайтарып алды. Себастьян Лекорню қайтадан салтанатты түрде Ант қабылдауға мәжбүр болды.

СЕБАСТЬЯН ЛЕКОРНЮ, ФРАНЦИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен бұл жұмыстан құтылдым ба деп қуанып отырсам, ұзаққа созылмады. Бірақ, ел алдындағы міндетімді соңына дейін жеткізу – парызым. Қайтсем де, 31 желтоқсанға дейін бюджет жобасын жасаймын. Халық қиналмауы үшін бар күшімізді саламыз.

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қайта атыс болды. Қос тарап бір-бірін кінәлап, өздерінің тек жауап қатқандарын жариялап жатыр. Пәкістан, тіпті, 30 шекаралық бөлімшені басып алғаны туралы мәлімдеме жасады.