Сотталушы Перизат Қайраттың жұмысқа орналасу мәселесі бос жұмыс орнының болуына және оның кәсіби дағдысына байланысты шешіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары — Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков айтты, деп хабарлайды Astana TV. kaz.inform.kz сілтеме жасап.
Оның қабілетін тексеріп, мекемедегі бос жұмыс орнының болуын қараймыз. Егер ол сол талаптарға сай келсе, онда сотталушыны жұмысқа орналастыра аламыз, — деді министр орынбасары.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат белгіленген карантиннен өтеді.
Мекемеге келгеннен кейін оның қабілетін зерделейміз. Қай бөлімде бос жұмыс орны болса, соны ұсына аламыз. Тігін өндірісімен айналыса алады немесе мекеме ішіндегі шаруашылық бөлімде басқа да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, — деп түсіндірді Абай Қайырбеков.
Министр орынбасарының атап өтуінше, сотталушылардың жалақы мөлшері атқарған жұмыс көлеміне байланысты болады.
Сотталушы ең төменгі жалақы алатыны анық, — деді министр орынбасары.