$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақмола облысында 7,1 млн тоннадан астам астық жиналды

14.10.2025ж. 07:31
Ақмола облысында 7,1 млн тоннадан астам астық жиналды
Фото: pixabay

Ақмола облысында егін жинау науқанының соңғы кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды Astana TV.

Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 7,1 миллион тоннадан астам астық жинап, жалпы егіс алқабының 94 пайызын игерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Орташа өнімділік гектарына 16,1 центнерді құрады, ал кейбір алқаптарда бұл көрсеткіш 60 центнерге дейін жеткен. Мамандардың айтуынша, жиналған астықтың басым бөлігі жоғары сапалы.

Мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдау шаралары мен егіс жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ықпал етті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл жалпы 7,4 миллион тоннадан астам астық жинау жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығын несиелендіру бағдарламасы аясында 927 фермер 118 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Бұл қаржы агротехникалық шараларды сапалы жүргізуге, арамшөптер мен зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, минералдық тыңайтқыштар енгізу көлемі үш есеге артты.

Өнімділікті арттыруға техника паркінің жаңаруы және дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету де айтарлықтай әсер етті. Биыл егін егілетін алқап 300 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 5,5 млн гектарды құрады.

Науқанға 7 мыңға жуық комбайн тартылған, оның 4,8 мыңы – заманауи жоғары өнімді техника. Сондай-ақ 2,7 мың орақ және 4,8 мың жүк көлігі жұмыс істеуде.

Жиналған астықты қабылдау мен сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 7,2 млн тонна болатын инфрақұрылым әзірленген. Оның құрамында 66 астық қабылдау кәсіпорны мен 1,5 мың шаруашылық қоймасы бар. Келесі жылғы егінге арналған тұқым толық дайындалды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 1,2 трлн теңге деңгейінде қамтамасыз етуді және елдің аграрлық секторындағы жетекші өңір мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеуді көздеп отыр.

Жалпы, өңір диқандарына 243 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.