АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленскийді 17 қазанда Ақ үйде қабылдайтынын растады. Бұл туралы ол Шарм-эль-Шейхтен Вашингтонға бет алған ұшақта журналистер алдында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ТАСС.
Трамп 17 қазанда Зеленскиймен кездесуге ниеті бар-жоғы туралы сұраққа жауап берді.
— Менің ойымша, солай, — деді Ақ үй басшысы басқа ешқандай мәлімет бермей.
Сондай-ақ ол Украинаға америкалық «Tomahawk» зымырандарын жеткізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін британдық Financial Times газетінің журналисі X әлеуметтік желісінде Трамптың Зеленскиймен 17 қазанда Вашингтонда кездесуі мүмкін екенін жазған. Ол өткен демалыс күндері Трамп пен Зеленский телефон арқылы сөйлескенін, әңгіме барысында олар Украинаға америкалық «Tomahawk» зымырандарын жеткізу мәселесін талқылағанын еске салды. Журналист сонымен қатар осы аптада украиналық делегацияның Вашингтонда америкалық әріптестерімен бірқатар келіссөздер өткізу жоспарланғанын атап өтті.