Бірер
күнде мемлекеттік грант иегерлері анықталады. Биыл 38 мыңға жуық грант
бөлінген. Оның көбі техникалық мамандықтарға қарастырылған. Уақыт өткен сайын
педогогикалық бағытқа да ерекше мән беріліп жатыр,-дейді университет өкілдері.
Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, бұл салаға үлестірілген грант саны екі есе
артқан. Әсемгүл Мұхитқызы толықтырады.
Павлодар
мемлекеттік педагогика институтына 1234 талапкер мемлекеттік грант үшін
конкурсқа қатысып, құжат тапсырған. Мұндағылардың сөзінше, педогогикалық
мамандықты таңдайтындар саны жыл санап көбейген.
Қайрат
Текжанов, ПМПИ проректоры міндетін атқарушы:
Бүгінгі
күні өте сұранысқа ие биология, химия, информатика мамандықтары. Осы
мамандықтарға ерекше назар аударылған. Және деффектология мамандығын айта
кетсек. Республика бойынша 120 грант бөлінген. Бүгінгі таңда бізге тапсырған
бала саны - 107.
Биыл
37 932 грант бөлінген. Оның 35 082-сі жоғары білім алуға, 34 782-сі - күндізгі
оқу мен 300 грант сырттай білім алуға арналған.
Техникалық ғылымдар мен технологиялық мамандықтарға грант көп бөлінген.
13 670 грант. Одан кейінгі сатыда педагогикалық мамандықтар. 8 235 грант. Медициналық мамандыққа 3 150 грант бөлінсе,
ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық саласына 2 682 грант қарастырылған.
Бұған
дейін әлеуметтік желілерде бөлінген гранттардың артық қалып жатқаны туралы
ақпараттар тараған еді. Бірақ оқу орындары бұлардың барлығы жалған деп
мәлімдеді. Экономика және құқық мамандығын таңдаған павлодарлық Алмас
Қанжығалин жалақысы аз мамандықтарға жастардың құлшынысы жоқ екенін айтады.
Ветеринария
мамандығы қажетті мамандық. Бірақ мен жеке өз басым ол мамандыққа
қызығушылығым жоқ. Себебі ол маған ешқандай мансаптық қызығушылық
туғызбайды. Жалақысы биік, мансапты тез көтерілетін, сондай мамандықты таңдайды.
Солтүстік
Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының ғалымы биыл ауыл шаруашылығы саласына
бөлінген грант саны жеткілікті деп санайды. Алайда, тегін оқу мүмкіндігін ауыл
мен қала тұрғындарына бөліп, жариялау қажет дейді. Қала жастарының 80 пайызы
ауыл шаруашылығы мамандығын таңдап, грантпен білім алады. Алайда, бітірген соң
ауылға баруға құлқы жоқ көрінеді. Сондықтан ауыл жастарына басымдық беру қажет
деген пікірде.
Айтмағамбет Барлыбаев, СҚО мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты білім тарату орталығының жетекшісі:
Ауылға арнайы мамандықтарды дайындап, оларды ауылда қабылдап, үгіттеп, сөйтіп дайындау керек. Сосын жеке гранд беру керек. Жұмыстың қиындығы жастарды кейін тартып отырады. Ал негізі қазір заманауи технологиямен жасаса, жалақысын көтерсе, мынау үй мәселесін көтеріп берсе, әрине, ауылдан шыққан бала ауылға барады деп ойлаймын.
Ал
Павлодар мемлекеттік педагогика институтының қабылдау комиссиясының
ақпаратынша, жастардың дені бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдайтын
көрінеді. Мұны мамандар демографияның өскенімен байланыстырып отыр. Ал сұраныс
аз мамандықтар бұл институтта физика мен орыс тілі пәні болып тұр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Абзал ҚҰРМАНКИН