Экономика шапшаң жүріп келеді. Биыл алғашқы 9 айда 6,3 процент өсім көрсетті. Көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі сынды салалар негізгі драйвер қатарында. Бірақ бәрі бірдей екпінге ілесе алмай келеді. Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге талапты күшейтті. Жанын салып жұмыс істеуді жүктеді.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Экономиканың қарқынына көңіл толады. Вице министр биылғы жылдың 9айында сала 6,3% өсім көрсеткенін айтады. Әсіресе нақты сектор 8,1пайызға ілгеріледі. Қызмет көрсету саласы да қалыс қалмай, 5,3% артқан.
Экономиканың ілгерілеуіне дем берген бір фактор – инвестиция ағыны. 9айдың ішінде негізгі капиталға құйылған қаржы 13,5 пайыз артып, 14 трлн теңгеге жуықтады.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қаржы қызметіне жалпы инвестициялар 2 есеге, білім беруге – 1,8 есе, өңдеу өнеркәсібіне – 30,7, ауыл шаруашылығына – 21,1, көлік қызметтеріне 14,8 пайызға ұлғайған. Инвестициялардың ең жоғары өсуі Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау облысында тіркелді,
17,3 млрд теңге. Бұл- Мемлекеттік бюджеттің кірісі. Сала министрі белгіленген жоспар артығымен орындалды деп ағынан жарылды. Республикалық қазынаға түскен қаржыны да ауыз толтырып айтуға болады. Бақандай 10 жарым трлн теңге. Бұл былтырғыдан 1,4 трлнға көп.
МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Жергілікті бюджеттерге сыртқы факторларға тәуелсіз салықтар түседі, бұл 6,8 трлн теңгені құраған тұрақты өсімді көрсетеді. Жоспар 704,4 млрд теңгеге асыра орындалды.
Энергетика секторында да серпін бар. Қаңтар-қыркүйек айлары арасында 76 млн тоннаға жуық мұнай және газ конденсаты өндірілген. 60 млн тоннадан астам қара алтын шетелге сатылған.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
11,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,1% болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,7 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланған.
Сырттан келетін тауарлар құны өсіп, инфляцияға қысым күшейіп отыр. Мәселені ушықтырып алмас үшін Үкімет басшысы нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастыруды тапсырды. Халыққа несие беру ісіне ерекше тоқталды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемді толық ашып көрсетуі тиіс.
Премьер-министр өңдеу өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік министрлігіне өсім қарқынын арттыруға бағытталған бірнеше тапсырма берді. Инвестиция тарту да назардан тыс қалған жоқ. 9 айдың қорытындысы бойынша 9 облыс жоспарлы межеден қалып қойды. Осыған байланысты Үкімет басшысы әкімдіктерге инвестициялық штабтардың жұмысын жандандыруды қатаң ескертті.Олқылықтың орнын түзету үшін Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға, қауымдастық пен әкімдіктерге жанын салып жұмыс істеуді тапсырды.