$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Көлік логистикасы -экономиканың негізгі тірегі

Көлік логистикасы -экономиканың негізгі тірегі

Көлік логистикасы -экономиканың негізгі тірегі. Биыл жүк тасымалы 9,1 пайызға артқан. Жыл басынан бері тасымалданған жүк көлемі 800 миллион тоннадан асты. Сарапшылар мұны экономиканың базалық секторларындағы жандану мен инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі деп отыр.

Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елдегі жалпы ішкі өнім 3,6 пайызға өсті. Соның ішінде көлік секторы ерекше динамика көрсетіп отыр.

ЖӘНІБЕК ТАЙЖАНОВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жүк тасымалының өсімі экономиканың базалық секторларының даму есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және сауда салаларының есебінен. Аталған салалар көлік қызметтерін ең көп пайдаланушылар болып табылады. 

Көлік инфрақұрылымын дамытудағы ең ауқымды жобалардың бірі «Достық–Мойынты» теміржолының екінші желісі. Қазірдің өзінде бұл учаске арқылы күніне 60 жүк пойызы кедергісіз өтуге қауқарлы. Ал бұрын небәрі 12 пойыз болатын.

ДАНИЯР АНАРБЕК, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

2019 жылы 17,6 млн тонна транзиттік жүк тасымалданса, 2024-і жылдары 27,5 млн тоннаға жетті. Жоба аяқталғаннан кейін осы бағыттағы тасымал 50 млн тоннаға дейін артады деп жоспарлануда. Бұл Қазақстанның Халықаралық көлік дәліздеріндегі позициясын нығайтады және Еуразиялық кеңістікте маңызды логистикалық торпақа айналуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың айтуынша жүк өткізу қабылетінің артуы экономикаға сеп. Жүк тасымалынан түсетін табыс тек ел қазынасын ғана емес, ішкі логистика мен сауда жүйесін де ілгерілетпек.

ВАДИМ КОПЫЛОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ ҰК» АҚ «БІРІКТІРІЛГЕН ЖОСПАРЛАУ ДИРЕКЦИЯСЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жоба мерзімінен 2 жыл бұрын іске қосылды. Қазақстанның экспорты мен жүк тасымалын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл учаскеден бұрын тәулігіне 12 поезд өтсе, енді ол 60 жұпқа жетіп отыр.  

Торғай арқылы өтетін «Орталық-Батыс» күре жолы да елдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне серпін бермек. Күре жол құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр.  

АЙБЕК ТАҢАТБАЕВ, САРАПШЫ:

Бұл -күре жол тоғысқан тоғыз жолдың торабы. Жалпы жергілікті ауыл шаруашылығы  мақсатындағы шаруаларға, кәсіпкерлерге үлкен серпіліс әкеледі деп ойлаймын.Халыққа жұмыс ашылады деп ойлаймын.Сол жолдың бойында қаншама қонақ үйлер, не болмаса қызмет көрсету орындары ашылады.

Қазақстан көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыта отырып, Еуразиядағы стратегиялық хабқа айналуды мақсат етіп отыр. Бұл бағыттағы жобалар алдағы жылдары да жалғасып, ел экономикасының қозғаушы күшіне айналмақ.