$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Орал тұрғыны анасының мезгілсіз ажалына дәрігерлерді кінәлайды

AstanaTV
14.10.2025ж. 19:00
Орал тұрғыны анасының мезгілсіз ажалына дәрігерлерді кінәлайды

Орал қаласының тұрғыны анасының мезгілсіз ажалына дәрігерлерді кінәлайды. Айтуынша, ауруға араша түсуі тиіс мамандар өз қызметіне салғырт қараған. Осының кесірінен кейуананың кеселі ушығып, қатерлі дертке ұласқан көрінеді.  Енді тұрғын осыған жол берген кінәлілердің қатаң жаза алуын талап етіп отыр.

Қызының айтуынша, Гүлбану Ілиясова өзін жайсыз сезініп, Ақжайық аудандық ауруханасына бес рет жүгінген.  Бірақ дәрігерлер қансыраған науқасқа қан құюмен ғана шектеліпті. Кейін жағдайы нашарлаған анасын қалаға алдыртқан қызы басқа мамандарға тексертіп, операция жасатады. Бірақ сеніп тапсырған дәрігерлер бұл жолы да жауапсыздық танытыпты.

АЙДЫНҒАЛИ ҚОҢҚАБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ КҮЙЕУ БАЛАСЫ:

Енемнің палатасына кірсем, қатты қысылып, қиналып жатыр екен. Қасында көмек көрсететін тірі жан жоқ. Содан жанталасып жүргенде басқа бөлмеде музыка қосылып, әлдекімдердің сылқылдап күлгенін естідім. Есікті ашсам, іште медбикелер мен санитарлар шәй ішіп отыр. Содан ана жерде адам өліп жатыр, сендер неғып отырсыңдар деуім мұң, "Сен кімсің, кет, қайқай!",- деп өзіме ұрысты.

Осыдан кейін Гүлбану Ілиясова көп ұзамай көз жұмыпты. Марқұмның балалары енді оның өліміне не себеп болғанын білгісі келеді.

ГҮЛНЫШ ЗИНЕКЕШОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:

Чапай ауылындағы Ақжайық аудандық ауруханасының дәрігерлерінің салғырттығынан болды деп есептеймін. Себебі анамды кішкене бір-екі рет қан кеткен кезде консилиум жасап, дұрыстап терапевтер, яғни, гинекологтар дұрыстап қарап, Орал қаласына онкологияға жібергенде мұндай жағдай болмас еді. Жазаға тартуын сұраймын. Әділдік болғанын қалаймын.

Дәрігерлер кәсіптік міндетіне ұқыптылықты ұмытты деп санаған полиция бұл оқиға ізімен қылмыстық іс қозғаған.  Ал басқа мәліметті айтуға заңмен тыйым салынған.

БҚО ӘКІМДІГІ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ШЖҚ "ОБЛЫСТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІ" МКК:

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" Кодексінің 273-бабына сәйкес біздің мекемеде ем алған Гүлбану Ілиясова туралы ақпаратты бере алмаймыз. Бұл ақпарат "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңы бойынша медицина қызметкерінің құпиясына жатады. Бұл үшін заңмен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бүгінде шағымданушылардың арызымен эксгумация жасау туралы соттың бір емес, екі шешімі шығыпты. Бірақ құзырлы органдар қабірді қазуға әлі асығар емес. Ал балалары уақыт өткен сайын анасының мәйіті бүлініп, сараптама жасауға келмей қалады деп уайымдайды.